Алматыда ірі энергонысандар салынуда

Алматыда ірі энергонысандар салынуда
postroivsesam.ru

 Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Санжар Алин айтты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.
 
Электрмен сенімді жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында басқарма 10 жоба (Алатау, Жетісу, Медеу және Түрксіб аудандары) бойынша жұмыстар жүргізуде, оның ішінде ағымдағы жылы 4 жоба аяқталады, қалған жобалар 2023 жылы аяқталады.

«Қазір ірі энергонысандар салынып жатыр: 400 мың тұтынушыны қамтитын екі қосалқы станцияның – «Алмагүл» және «Тұздыбастаудың» құрылысы ірі объектілердің бірі болып табылады. «Алмагүл» қосалқы станциясының құрылысын жыл соңына дейін, ал «Тұздыбастау» қосалқы станциясының құрылысын келесі жылдың шілдесіне дейін аяқтау жоспарланып отыр», - деп хабарлады С. Алин.

Алатау және Бостандық аудандарында 5 жоба әзірлену сатысында, оның мемлекеттік сараптама қорытындысын осы жылдың соңына дейін алу жоспарланған.

ӨКҚ спикері тағы бір бағыт – мегаполисте сыртқы жарықтандыруды орнату туралы айтты.

«Қаланың аудандық әкімдіктері 511 жарықтандырылмаған көшенің тізбесін жасады, оларға 6 854 шам, 6 705 тірек орнатуды жоспарлап отырмыз, 8 аудан бойынша желілердің ұзындығы – 210 км», - деп жалғастырды С. Алин.

Биыл 22 магистралды көшені жаңғыртуды аяқтау және 4 мыңнан астам жарық нүктесін ауыстыру жоспарлануда.