Армандар орындалады!

Армандар орындалады!
Сурет: Самат Құсайынов

178 алматылық отбасына «Жас Қанаттан» пәтер кілті табысталды.

Бүгін қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен Алматының Түрксіб ауданындағы «Жас Қанат» ықшамауданынан 178 отбасына пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz тілшісі.

Бұл ықшамауданнан жыл соңына дейін жалпы саны 401 пәтер беріледі. Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша 41 мың үй кезегінде тұр.

«Жас Қанаттағы» пәтерлер көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жалға алу құқығымен беріліп жатыр. Кілт алғандардың көбі пәтердің жеке меншігіне берілгенін қалайды.

Бұл ықшамауданда абаттандыру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Әкімдік тарапынан тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасалып жатыр.

Бүгін ғана мұнда № 211 жаңа мектеп ашылды, мектептің қасынан балабақша салынып жатыр.

«Бүгін өздеріңіз куә болғандай, қала басшысының тапсырмасымен  әкімдік кезегінде тұрған азаматтарға пәтер кілті кезек тәртібімен табысталып жатыр. 25 тамыз күні 109 отбасы баспаналы болған. Бұл жердегі пәтерлерді көп балалылар, жетім балалар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар кезекте тұрып, мемлекеттік бағдарламамен алып жатыр. Тұрғындар үшін жағдай жасалуда, бүгін мектеп ашылса, жыл соңына дейін балабақша құрылысын аяқтау жоспарда тұр. Бұл сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерлер. Өмір бойына жалға алуға болады, әр 3 жыл сайын келісім шарт мерзімі ұзартылады. Бірақ қазір депутаттар осы азаматтарға сатып алу құқығын беру туралы заң жобасын қарап жатыр. 2019 жылдан бері жалға берілген пәтерлерде сатып алу құқы жоқ. Егер осы заң қабылданса, бұл азаматтар да пәтерлерін мешігіне өткізе алады. Мұнда ай сайын 1 бөлмелі пәтер алғандар 20 мың теңге, 2 бөлмелі пәтерге 20-25 мың теңге, 3 бөлмелі пәтерге 35 мың теңге көлемінде үкіметке жалға алу ақысын төлейді. Асфальт төселіп бітсе, тағы да дайын тұрған 4 үй бар, олардың да кілтін табыс етеміз», деді Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан  Әбдішүкірұлы.

«Мен 2012 жылдан бері тұрғын-үй департаментінде кезекте тұрдым. Аллаға шүкір, бүгін күткен пәтерімнің кілті де қолыма тиді, ризамын. Ендігі тілегім – осы пәтерімізге сатып алу құқығын берсе, сапалы үй болса. Әйтпесе, мен сияқты мүгедек адамдарға әр 5 жыл сайын пәтер ауыстырып жүру оңай емес», дейді баспана кілтін алып қуанған тұрғын Үрімкүл Тәшенова.