Ел болашағы үшін маңызды мәселе

Ел болашағы үшін маңызды мәселе
globalenergyprize.org

Әркімнің атом қуатына қатысты тәуекелге барып өз тұжырымын білдіретін сындарлы шағы туған тәрізді. Кешегі Президент Жолдауы осындай ойға жетеледі. Тақырып медиа кеңістікте жиі қозғалғанымен, пікірлер сан алуандығы саябырситын емес.

Қазақстанда атом электр станциясының салынуына қарсылық негізінен экологиялық қауіп-қатерлермен, қауіпсіздік факторларымен байланысты. Кешегі тарихымыздың ақтаңдақтары, атом қаруын сынаудың зардаптары жадымызда тұр, үрей тудыратыны да сондықтан. Атом өндірісінің суға, топыраққа, ауаға әсері де ауқымды зерттеулерді, білікті сараптауларды талап етеді.

Таразының екінші басында Қазақстан экономикасының болашағы, оның әлеуеті мен өсу қарқыны тұр. Жыл өткен сайын энергия көздері мен оның тұрақтылығына деген сұраныс өсе береді. Адамдардың тұрмыс деңгейінің сапасы да электр қуатымен тығыз байланысты. Осы факторларды ғылымда технологиялық қатпар, деңгей (техуклад) деген ұғыммен түсіндіреді. Атом технологиясының толық енгізілуі білім мен ғылымға да тың серпіліс береді, жаңа мамандар мен ғалымдар шоғыры өсіп шығады. АЭС сонымен қатар бірнеше қосалқы өндірісті жандандырады және салааралық ғылымдарға де қозғау салады.

Ел болашағы үшін маңызды бұл мәселеде көп аргументтермен ой таластыруға болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында оны халықтың кең талқылауына ұсынып, референдум арқылы шешім қабылдауды ұсынды. Әртүрлі пікірлер дау-дамайға түскен жағдайда бұл өте салмақты шешім, халық тілегіне құлақ асқан биліктің көрегендігі. Онсыз да Қазақстанның барлық өңірлерінде АЭС құрылысына қатысты көпшілік талқылаулары болатындығы айтылып, басталып та кетіп еді.

Енді референдумды өткізуге қатысты бір ауыз пікір білдірсем деп отырмын. Қазақстанның цифрлық технологияларды енгізудегі жеткен жетістіктерін назарға ала отырып, осы референдумды электронды өткізудің мүмкіндіктері қарастырылса деген ұсынысым бар. Ақпараттық технологиялар университетінің өкілі ретінде оның бірнеше мүмкіндігіне көңіл аударғым келеді. Бір нұсқасы, мобильді қосымша арқылы сайлау құқығы бар азаматтар тіркеуден өтеді және дауыс беру нақты бір уақыт шеңберінде өтеді, нәтижесі автоматты жарияланады. Электронды үкімет порталы арқылы дауыс беруді тағы бір нұсқа ретінде қарастыруға болады.

Референдумға электронды қатысу нағыз белсенді электоратты анықтауға жол ашады, белсенді азаматтар өзінің азаматтық позициясын батыл қорғап шығады. Ақпаратты бүлінуден сақтаудың, азаматтардың таңдауын қорғаудың технологиялық мүмкіндіктері жеткілікті. Осы жолда батыл тәжірибе жасап, ілгері жылжитын да уақыт келген тәрізді.