Апатты үй аз емес

Апатты үй аз емес
Сурет: Aikyn.kz

Қазақстанда апатты жағдайдағы 3,7 мың үй бар екен.

Елдің 5 өңірінде тұрғын үй қорының жоғары тозуы сақталып отыр. Елімізде тозығы жеткен және апатты жағдайдағы 3,7 мың үй бар. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында хабарлады, деп жазады Almaty-akshamy.kz.  inbusiness.kz. сілтеме жасап.

"Республиканың тұрғын үй қорында тозығы жеткен және авариялық жағдайдағы 3,7 мың үй бар. Апатты тұрғын үй иелерінің мәселелерін шешу және елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында бұзылатын үйлердің тізбесін айқындай отырып, қабылданған реновациялау бағдарламалары өзектендіріледі. 2029 жылға 1 мың 500 үйді бұзу және 40 мың меншік иесінің тұрғын үй мәселелерін шешу жоспарланып отыр. Оның ішінде биыл 3 мыңнан астам меншік иесін қамтитын 120 көп пәтерлі тұрғын үй бар", - деді министр.

Марат Қарабаев күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминиум объектілерінің үлесі 32%-дан 31,1%-ға дейін төмендегенін атап өтті.

"Бес өңірде тұрғын үй қорының жоғары тозуы сақталады. Атап айтқанда, Абай облысында – 67%, Батыс Қазақстан облысында – 63,9%, Ақмола облысында - 59,2%, Жетісу облысында – 52,6%, Алматы қаласында – 52,4%. Республиканың 11 өңірінде 215 көп пәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді", - деді ол.