Апатты ағаштар қалай анықталады?

Апатты ағаштар қалай анықталады?
Almaty-akshamy.kz

Сарапшы Алматыда апатты ағаштардың қалай анықталатыны туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz


Алматыда апатты ағаштар кезең-кезеңімен кесілуде. Апатты ағаштарды мұқият зерттеу үшін Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы құрамына экологтар, биологтар, эко-белсенділер енген «Жасыл комиссия» құрды. Олар жергілікті басқару органдарына апатты ағаштардың тізімін жасауға көмектеседі әрі жұмыстарын көпшіліктің хабардар болуы үшін ашық жүргізеді. Алмалы ауданындағы «Жасыл комиссияның» басшысы Омар Нұрхайдаров бұл қызметтің мегаполистегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

«Адамдар біздің апатты ағаштар тізімін жасауда нені негізге алатынымызды, жасыл жапырақты ағаштың қалай апатты болып табылатыны және басқа да өздерін толғандырған мәселелер бойынша түрлі сауалдарды жиі қояды. Түбі шіріген ағаш үйг, балалар алаңына, машинаға құлауы әбден мүмкін ғой. Сондықтан біз оны түбірімен алып тастау қажет екенін тұрғындарға түсіндіреміз»-, деді қоғам қайраткері.

Оның айтуынша, «Жасыл комиссия» мердігерлік ұйымдарды да бақылайтын болады. Өйткені, жұмысшылар көбінесе инженерлік коммуникацияларды жөндеу барысында ағаштарға зиян келтіріп, тамырларын зақымдауы мүмкін.Соның салдарынан ағаш құлауы мүмкін. Комиссия мүшелері мердігерлерге ағашқа зиян келтірмеу үшін тамырларды қалай қазу керектігін айтады.

«Алмалы ауданында барлығы 2200 ағаш кесу жоспарланған. Біз жасыл желектерді өзіміз зерттейміз әрі арнайы барып көреміз. Қажет болған жағдайда ҚазҒЗИ қызметкерлерін тартамыз», - деп түсіндірді Омар Нұрхайдаров.