Almaty Students Week акциясы басталды

Almaty Students Week акциясы басталды
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жыл сайын бүкіл әлемде 17 қарашада Халықаралық студенттер күні атап өтіледі.

Осының құрметіне мегаполисте 10-17 қараша аралығында Almaty Students Week акциясы өтеді, ол туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері ӨКҚ брифингінде айтып берді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Мегаполисте 35 жоғары оқу орны бар, онда 200 мыңға жуық студент оқиды, оның ішінде 124 мыңнан астамы басқа өңірлерден келген студенттер. 

«Almaty student week» фестивалінің маңызды қыры ол студенттік жастардың бірлігін арттыру. Жастарымызды патриоттық рухқа тәрбиелеу. Жалпы, фестивальдің негізгі идеясы студенттерді белсенді ортаға тарту, сондай-ақ дарынды, талантты жастар мен қоғам көшбасшыларын анықтау», - деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының ЖОО-мен жөніндегі бөлім  басшысы Жұлдыз Жорабек. 

Спикердің сөзінше, студент жастардың жеке және кәсіби өсуіне жағдай жасау, қоғамда табысты әлеуметтенуі, оның зияткерлік және шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында «StudUnion» алаңы жұмыс жасайды. Студент жастар арасындағы пікір көшбасшылары болғандықтан жастар жөніндегі комитеттер қауымдастығы жиналып, жастар арасындағы көптеген мәселелерді қарастырады. 

«Өткен демалыс күндері, комитеттер қауымдастығы 3 күндік лагерге барып жоғары оқу орындарының тәжірбилерімен алмасты. Сондай-ақ жылдың соңында үздік комитет басшысын және белсенді студентті марапаттау рәсімі өтеді», - деп толықтырды ол.

Студенттік апталық Алматы қаласы жоғары оқу орындарының студенттерінің шығармашылық қабілеттерін дамыту, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру және мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында өтетін «SUPER LIGA» КТК-ның финалдық ойындарынан басталады.

Сонымен бірге, «IQ-ALA jastary» жобасы аясындағы зияткерлік ойындардың финалын, студенттер арасында киберспорттан турнир өткізу жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ, Алматы қаласының жоғары оқу орындарымен бірігіп көптеген іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр: 

  • Қазақ ұлттық университетімен 16 қарашада Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Біз – Жаңа Қазақстан Жастарымыз!» бірінші курс студенттері арасында гала-концерт және көркемөнерпаздар фестивалі өтеді. Бұл кеште бірінші курс студенттері арасында гала-концерт, сондай-ақ көркемөнерпаздар фестивалі өтеді. Бұл байқаудың негізгі мақсаты талантты жастарды анықтау және қолдау, олардың шығармашылық қабілеттерін іске асыруға жәрдемдесу:
  • Сол күні Нархоз университетінің ұйымдастыруымен «Acoustic evening» аспаптық концерті өтеді. Іс-шара әртүрлі стильдерді ұсынатын бірнеше музыкалық нөмірлерден тұрады.
  • Сондай-ақ, Асфендиярова атындағы медициналық университтеттің ұйымдастырумымен қаламыздың студенттері арасында тұрақты донорлар санының артуы мақсатында «Өзгеге өмір сыйла – донор  бол» акциясы ұйымдастырылады. Мұндай акциялар біздің қаламызда жақсы дәстүрге айналуда және қатысушылардың саны тек артып келе жатқанын атап өткен жөн.

«Сонымен бірге, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі жанындағы Студенттер Кеңесінің отырысы өтеді. Жалпы мақсаты, министр Саясат Нұрбекпен қазіргі студент жастардың проблемасын талқылау. Күні бойы Қазақстанның барлық қалаларынан келген студенттер түрлі семинарлар мен тренингтерге қатысып, министрмен TedX алаңында кездеседі», - деп бөлісті Ж.Жорабек. 

Өз сөзінде Алматы қаласы бойынша «Студенттер альянсының» төрағасы Жасұлан Қуандық аталған іс-шаралардан басқа студенттерге түрлі акциялар мен жеңілдіктер қолжетімді болатынын атап өтті.

«17 қарашада студенттерге арнайы жеңілдіктер мен акциялар қарастырылады. Бұл ретте бізді алматылық кәсіпкерлер қолдады. Жеңілдіктер оқу орындары мен тамақтану орындарында жасалады. Бірқатар баспалар біздің студенттерге жеңілдіктер беруді жоспарлап отыр. 15 қарашаға дейін біз осы акциялар туралы толық ақпаратты жариялаймыз», - деді ол.

Жастар мен мегаполис студенттерін Almaty Student Week фестиваліне белсенді қатысуға шақырады.