Алматының ортохирургтері зақымданған менискті тігудің авторлық әдісін сәтті қолданып келеді

Алматының ортохирургтері зақымданған менискті тігудің авторлық әдісін сәтті қолданып келеді

Тізе буыны жарақаты барлық жарақаттар арасында екінші орын иеленеді.

Статистикаға сүйенсек, спорттық ойындармен және бимен айналысатындар тізесін көп жарақаттайды екен. Тізе буыны әдетте, соғылғанда, ауыр салмақ түскен кезде жарақаттанады. Жарақаттың бұл түрі жасөспірімдер арасында жиі кездеседі дейді мамандар. Оған спортпен шұғылданып, түрлі жүктемеге қоса бойдың тез өсуі, гормоналдық өзгерістер, салмақ қосу сынды факторлар себеп.

Тізе буынында әсіресе мениск көп зақымданады. Оны тігуге немесе кесіп тастауға болады. Емдеу тактикасын ортохирург маман науқастың жасы, буындағы өзгерістер, менисктің үзілу түрі, бүлінген жердің көлемі сынды факторларды ескере отырып таңдайды. Себебі ол буынның функцияларын толық сақтап қалуға міндетті. Соның ішінде тігу техникасының да маңызы зор. Қазіргі таңда мамандар тігістің «сырттан ішке қарай», «іштен сыртқа қарай», «іштей» дейтін үш түрін қолданады.

Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың Ортохирургия бөлімшесі дәрігерлері менискісін ертеде зақымдаған пациенттердің тізе буынын жаңа әдіспен тігеді. «Іштен – сыртқа» деп аталатын жаңа әдістің авторы ортохирург Арнат Байзақов.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – 19 жастағы пациент кәсіби спорттық бимен айналысады. Ол «Ескі жарақат салдарынан оң жақ тізесінің медаиалды менискі зақымданды» деген диагнозбен №7 ауруханаға жатқызылған.  

Айтуынша, оң жақ тізесі ауыр нәрсе көтергенде қатты ауырып, жүріп-тұруы қиындаған. Спортшы қыз осыдан бір ай бұрын жаттығу барысында оң жақ тізесімен құлаған көрінеді. Тіркелген емхана дәрігерлері МРТ жасап, жоспарлы түрде емделуге жолдама берген.        
Дәрігер Арнат Байзақов, көмекшілер Ерлан Әміров, Әділ Жаңабергенов, анестизиолог Телжан Тынымқұлов, медбике Зәуре Құрақбаевадан құралған бригада науқастың тізе буынына атроскопиялық ота жасап, зақымданған менискті авторлық әдіспен тікті.

Аурухананың Ортохирургия бөлімшесі меңгерушісі Арнат Байзақовтың сөзіне сүйенсек, менискі зақымданған жас пациенттерді емдеуде ағзаның қызметін сақтап қалуға көмектесетін әдістер қолданылады. Соның бірі – менискіні тігу болып табылады.  

«Іштен – сыртқа» деп аталатын техника менискінің артқы және ортаңғы бөлігі зақымданған жағдайда қолданылады. Бұл техника буын шеміршегі мен жүйке-буын құрылымдары анатомиясының бүлінуіне жол бермейді.  

Операцияның сәтті шығуына тігісте қолданылатын материалдың да маңызы зор. Қазіргі таңда микрохирургияда буынды ұзақ ұстап тұруға қабілетті, беті тегіс, буынға сіңіп жоқ болып кетпейтін полипропилен синтетикалық пропилені қолданылады.  

«Қолданыстағы материалды пайдалана отырып жасалған операция жақсы нәтиже берді. Отадан кейін екінші күні пациент белсенді қимылдар жасап, аяғын қозғалта бастады. Отаның орны да жазылды. Ауырсыну басылып, зақымданған буынның қызметі қалпына келтірілді», - дейді Арнат Байзақов.  

Пациент медициналық оңалту бөлімшесі мамандарының көмегімен тыныс алу жаттығуларын, ота жасалған аяқтың жамбас бұлшық еттерін изометриялық қысқартуға бағытталған жаттығулар жасады. Ота орнындағы жара тез жазылып кету үшін бес күн бойы жоғары жиіліктегі ультра магнитті терапия сеансын қабылдады. Нәтижесінде стационарда жату мерзімі қысқарып, науқас 7-күні ауруханадан шығарылды.  

Науқас емдік жаттығуларды жалғастырып, емханадағы хирург маманның бақылауында болды. Ота жасаушы дәрігер оны артроскопиялық операциядан кейін 6 аптадан соң қайта қабылдады. Қолданылған полипропиленді моножіп менисктің зақымданған фрагменттерінің бірігіп, жазылып кетуіне ықпал етті, дейді дәрігер.