Еліміздің мектептерінде күй челленджі өтеді

Еліміздің мектептерінде күй челленджі өтеді
Сурет: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Наурыз мейрамына арналған республикалық челлендж 20 наурызда сағат 12:00-де басталады.

Барлық білім беру ұйымдарында ұлттық күй бір мезетте ойнайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтары мен патриоттық сезімдерді қалыптастыруға, елдің мәдени мұрасын жалғастыруға, балалар арасында домбырада ойнауды насихаттауға бағытталған.

«Домбырашылар челленджінің мақсаты – балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкадағы шығармашылық жетістіктерін көрсету және домбыраны дәріптеу. Шараға барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Бұл челлендж былтыр алғаш рет өтті. Домбыраның күмбірлеген үні бір уақытта барлық білім беру ұйымдарында ойнады. Бұл – еліміздің мәдени өмірі үшін елеулі оқиға. Шаралар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізіледі», – дейді тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.