Алматының жаңа ЕТЖ-да инженерлік желілер үшін өту арналары қарастырылған

Алматының жаңа ЕТЖ-да инженерлік желілер үшін өту арналары қарастырылған
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Алматы әкімдігі бекіткен егжей-тегжейлі жоспарлаудың жаңа жобалары инженерлік желілер үшін өту арналарын құруды көздейді. Жаңа ЕТЖ қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына сәйкес әзірленді, онда мегаполисті дамытудың моноцентристік моделінен полицентристікке көшу қағидасы жатыр, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының хабарлауынша, полицентрлер жобаланған аудандарда магистральдық инженерлік коммуникацияларды өту арналарын орналастыру жоспарланған. Бұл шара жол және тротуар жабынын қопармай, сонымен қатар, көгалға зиян келтірмей жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

«ЕТЖ-да қызмет көрсетуші персонал, жөндеу материалы мен жабдықтары үшін ұзындығы 27 км өту арналарын орнату көзделеді. Бұл әдіс Самал шағын аудандағы құрылыс кезінде сыналған, бірақ толық енгізілмей, аяқсыз қалған. Мұндай әдіспен коммуникация орнату қымбатырақ, алайда ұзақ мерзімді перспективада айтарлықтай қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді басқарма өкілдері. 

Жалпы, ЕТЖ тұрақты және функционалды қалалық кеңістік құруға бағытталған. Олар қала құрылысын аймақтарға бөлудің, қызыл сызықтардың, халыққа әлеуметтік, мәдени және коммуналдық қызмет көрсету нысандарын орналастыру үшін аумақтарды резервтеудің, көше-жол желісін ұйымдастырудың, инженерлік коммуникацияларды жүргізудің, аумақтарды абаттандыру мен көгалдандырудың негізгі бағыттарын белгілейді.