Алматының креативті индустрия орталығы ретінде енгізген үздік кейстері ұсынылды

Алматының креативті индустрия орталығы ретінде енгізген үздік кейстері ұсынылды
almaty-akshamy.kz

Алматыда «Creative Central Asia – 2023» Орталық Азияның креативті индустрияларының жыл сайынғы форумы өтті. Үш күнге созылған «ССА-2023» диалог алаңы өзіміздің Қазақстан мен Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Оңтүстік Корея мемлекеттерін қосқанда, 100-ден астам сарапшы-спикер мен сала өкілдерінің басын қосты.

Форумға қатысушылар Орталық Азия өңіріндегі креативті индустрияларды дамытудың негізгі үрдістері мен перспективалық жолдарын талқылады. Спикерлер негізгінен кино, музыка, білім беру, fashion-индустрия және IT-сектор салалары бойынша пікір алмасты.

Форум аясында «Креативті индустриялар жастарға арналған әлеуметтік лифт ретінде», «Қалалық жайлы орта және креативті ландшафтты дамыту», «Әйелдердің креативті кәсіпкерлігі», «Қазіргі әлемдегі аудиконтент» және тағы басқа да тақырыптар шеңберінде бірқатар панельдік сессиялар ұйымдастырылды.

– «ССА-2023» форумының негізгі мақсаты – креативті индустриялардың инфрақұрылымын дамыту, креативті кәсіпкерлік идеяларын насихаттау, халықаралық инвестицияларды тарту. Форум Алматы қаласының брендін ілгерілетуге, шығармашылық мамандарды қолдауға және инновациялық және шығармашылық секторларда жаңа өнімдер жасау үшін бейінаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуге арналған», – деді  Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Солтанбеков.

Ал Халықаралық креативті индустриялар форумының сәулетшісі Дина Әбдірахмет:

– Бұл орайда мен білім беру саласындағы креативті индустриялар бойынша өте белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Жаңа магистрлік бағдарламалар енгізілуде. Иә, өңірлер креативті индустрияларға, креативті экономикаға назар аудара бастады. Бұл үлкен жетістік. Халықаралық форумда Алматының еліміздің креативті индустрия орталығы ретінде енгізген үздік кейстерімен бөлісті, – деді.

«ССА-2023» форумының мәртебесін тақырыптық дәрістер, «шеберлік сыныптары», public talk, қолданбалы өнер жәрмеңкесі арттырды. Lumiere hall мультимедиялық мұражайының елге танымал Алматы кураторларының қолдауымен және тікелей қатысуымен қазақстандық және халықаралық цифрлық суретшілердің инновациялық және эксперименттік жұмыстарын таныстыратын көрме-инсталляциясы да көптің ықыласына бөленді. Көрмеде AI-ART, Digital Fashion, Media Art бағыттарындағы авторлардың ерекше жұмыстары ұсынылды.  

Іс-шара барысында БҰҰДБ-ның жастар және креативті индустриялардың шағын орта бизнес өкілдерімен сараптамалық талқылауы өтті.  Форумның маңызды оқиғасы ретінде қазақстандық дизайнердің fashion musical «Luna Sezim» жұмысы ерекше атап өтілді.