Алматылық Зарина Әлиева Израильде ота жасату үшін көмек сұрайды

Алматылық Зарина Әлиева Израильде ота жасату үшін көмек сұрайды
Сурет: Мedica24.ru

Бір жыл бойы өкпесіндегі қатерлі ісікті емдей алмай жүрген 3 баланың анасына шетелде емделуден басқа амал жоқ.

Дәрігерлер консилиумы оған CAR-T терапия алу керек деген шешімге келіпті, ал бұл ем-дом Қазақстанда жасалмайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

38 жастағы Зарина Әлиева иығы ауырып, 2 ай бойы жөтелі қоймаған соң ренгтгенге түскен. Дәрігер нәтижесін көріп, компьютерлік томографиядан өтуге кеңес берген. Оның өкпесінен 11 сантиметрлік ісік анықталған. Жағымсыз жаңалықты естіп, бір жыл бойы ем іздеген. Ал Астанадағы Ұлттық онкологиялық ғылыми орталығынан 2 рет химия терапия қабылдаған. Алайда одан пайда болмай, қатерлі ісігі 2 есе өсіп кетіпті. 

«Ауру асқынып келеді. Осы орталықтың дәрігерлері қолдан келгенін жасады. Емдеді. Химиятерапия алдым. Алайда, мендегі ісік асқынып барады. Онкологиялық орталықтың дәрігерлері басқадай ем алу керегін айтты. Оның бағасы өте қымбат болып тұр», – деді Алматы қаласының тұрғыны Зарина Әлиева.

Ұлттық онкологиялық орталықтың дәрігерлері науқасты емдеу жолдарын анықтау үшін консилиум өткізген. Нәтижесінде CAR-T терапия алу керек деген шешімге келіпті. Ал ондай ем-дом Қазақстанда жасалмайды.

«Өзіміз салған үйімізді сатуға қойдық. Бізге тез арада қаражат жинау керек. Сондықтан барша қазақстандықтардан өтініп сұраймын, мүмкіндігінше қол ұшын созсаңыздар. Біз қазір әлеуметтік желіде де парақша ашып қойдық. Сонымен қатар, елде бізге көмектесе алатын қандай қор бар, барлығына өтінім береміз», – деді Заринаның жолдасы Азиз Молдыбеков.

Азиз Молдыбеков «Қазақстан халқына» қорына да жүгінбекші. Аталған қор өкілдерінің айтуынша, балалар мен 35 жасқа дейінгі онкологиялық және онкогемотологиялық диагнозы бар пациенттерге көмек көрсетеді. Ал Зарина Әлиеваның жағдайында науқас Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш беруі керек. Осы арқылы оның шетелде ем алуына мүмкіндік бар екен. 

«Бізде медициналық сақтандыру қорының жанынан жұмыс органы бар. Еліміздегі қазақстандық пациенттерді шетелге емдеуге жіберетін жұмыс органы болып табылады. Сондықтан азаматша өзінің диагнозы бойынша осы органға жүгінсе болады. Бұл өз кезегінде сол сияқты пациенттерді мемлекет аясында тегін түрде шетелдік емдеуге жіберуге мүмкіндік бар», – деді  «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Диас Бейсенбек.

Зарина Әлиеваның аурудан айығып кетуіне шамамен 500 мың доллар қаражат қажет. Себебі Израильдегі бір ғана CAR-T терапия 300 мың долларға дейін баруы мүмкін. Егер науқас жансақтау бөліміне түссе, оған қосымша төлейтін қаражат дайын болуы керек екен. Қажет соманы жинауға шамамен 1 ай уақыт бар.