Алматылық полицейлер өз өмірін қимақ болған адамды құтқарып қалды

Алматылық полицейлер өз өмірін қимақ болған адамды құтқарып қалды
Сурет: Polisia.kz

Қиын жағдайда сасқалақтамау, жедел әрекет ету және учаскелік инспекторлардың үйлесімді іс-әрекеті 65 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті.

Есенберлин көшесіндегі үйлердің бірінде қайғылы оқиға орын ала жаздады. Үй иесі мас күйінде өз-өзіне қол жұмсамақ болған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бірақ алдымен қоштасу үшін туыстары мен достарына телефон соққан. Бірінші болып досы дабыл қақты. Ол бірден “102” нөміріне қоңырау шалған.

«Үйдің есігі құлыптаулы болды, оны сындыруға мәжбүр болдық. Үйге кірсек, бұл адам пештің жылыту құбырында ілулі тұрды. Мен көтердім, серіктесім оны шешіп алды. Алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Ауаға шығардық. Жедел жәрдем шақырдық», – деді Медеу аудандық ПБ ЖПҚБ УПП-нің учаскелік инспекторы Алмас Жанғали.

Дәрігерлер зардап шеккен адамға көмек көрсетті. Осыдан кейін ғана ол орны толмас қателік жіберіп қоя жаздағанын түсінді.

«Өмірімді сақтап қалған полиция қызметкерлеріне үлкен рақмет! Бұлай болғанына кешірім өтінемін. Қателік жасадым«», – деді тұрғын.

«Жағымсыз жағдай. Полиция қызметкерлеріне мың алғыс. Оны шешіп үлгерді. Мың алғыс» – дейді туысы.