Алматылық өрен құмырсқа өсіріп, пайда тауып жүр

Алматылық өрен құмырсқа өсіріп, пайда тауып жүр
Сурет: 4ants.ru

Еңбек адамы

Ерекше хобби

Алматыда шағын ғана құмырсқа фермасы бар. Онда елдегі құмырсқалардан бөлек, тропикалық түрлері де кездеседі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап. 

«Бұл жерде қазір мен құмырсқаларды зерттеп жатырмын. Оларда кене бар-жоғын қарап жатырмын», - дейді Дамир Әбдіғани. 

"Кене - құмырсқаның басты жауы", - дейді Дамир. Ол жәндіктің үстіне жабысып, ішкі ағазасын улайды екен. Осының салдарынан енді жетіліп келе жатқан құмырсқа көп ұзамай тіршілігін тоқтатады. Жас мирмекологтың шағын фермасында қазір құмырсқаның оннан астам түрі бар. 

Дамир бұл іспен 13 жасынан бастап айналыса бастаған. Алғашында баласының ерекше қызығушылығына ата-анасы үзілді-кесілді қарсы болған. Бірақ уақыт өте келе қолдау көрсете бастаған. 

«Қызығушылығы басылып қалмас үшін баламызға қолдау көрсету жағын ойластырдық. Үйде жәндіктерді асырауға болмайды ғой, сол үшін тігін цехымыздың бір бұрышын баламызға жағдай жасап, өзіне бір құмырсқамен айналысатын бұрыш жасап бердік», - дейді Дамирдің анасы Раушан Әнуарбекова. 

Құмырсқалар сарбаздар, жұмысшылар, бала күтушілер, яғни ханшайым болып үш топқа бөлінеді. Құмырсқа өсіру Дамир үшін жай ғана хобби емес, өйткені соңғы жылдары осы істің арқасында жақсы табыс таба бастаған.

«Құмырсқаларды әртүрлі елдерден аламын. Қытайдан, Австралиядан, Европадан, және оларды көбейтіп, қайтадан Еуропаға, Ресейге сатамын. Себебі ол - жақсы табыс көзі. Бір дана құмырсқаны мың долларға сатқан кездерім де болды»,  - дейді Дамир Әбдіғани.  

Құмырсқа сатып алатын шетелдіктер оны көбіне дәрі-дәрімек шығыратын зауыттарға өткізеді. Себебі жәндіктен бөлінетін қышқылдың емдік қасиеті бар екен. Айта кететіні, құмырсқа өсіру - оңай шаруа емес. Оларға қолайлы жағдай жасау керек. Мысалы, бөлмедегі ылғалдылық мөлшері орташа, ал температура +20, 22 градустан төмен болмауы керек. Одан бөлек күн сайынғы қорегі бар.

Жалпы, әлемде құмырсқаның 14 мыңдай түрі бар. Дамирдің есебінше, олардың 150-ге жуық түрі Қазақстанда тіршілік етеді.