Алматылық оқушылар Республикалық Президенттік олимпиаданың жеңімпазы атанды

Алматылық оқушылар Республикалық Президенттік олимпиаданың жеңімпазы атанды
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

21-24 қараша аралығында Қарағанды қаласында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша Республикалық ХVІ Президенттік Олимпиада өтті

Зияткерлік байқауға еліміздің барлық аймағынан өңірлік және іріктеу турларының нәтижесінде іріктелген 199 оқушы қатысты. Олардың ішінде Алматы қаласындағы  №178 мамандандырылған лицейдің 11 сынып оқушылары Марал Мырзабекова мен Әйгерім Тоқаева да бар, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.   

Білімгерлерге математика, физика, химия және биология пәндері бойынша тапсырмалар берілді. Олимпиаданың негізгі мақсаты – орта білім беру ұйымдары оқушыларының ішінен математика, физика, химия, биология пәндері бойынша дарынды балаларды анықтау, олардың интеллектуалды дамуы мен кәсіби бағдар алуы үшін жағдай жасау, оқушылардың жаратылыстану-математикалық пәндерге қызығушылығын арттыру, теориялық білімдері мен дағдыларын тереңдету, жеке тұлға ретінде қалыптасуына және дамуына ықпал ету.
Президенттік олимпиадаға қатысушылардың жұмысын Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының халықаралық олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және PhD докторлары бағалады. Байқау қорытындысы бойынша 2 оқушы  жоғары оқу орнының грантын иеленсе, 12 оқушы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дипломымен,  2 оқушы грамотамен марапатталды.  Айта кетейік, алматылық екі оқушы жүзден жүйрік танылып,  Марал Мырзабекова І  дәрежелі диплом-алтын медальді,  Әйгерім Тоқаева II дәрежелі диплом-күміс медальді жеңіп алды.