Елімізде адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң әзірленіп жатыр

Елімізде адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң әзірленіп жатыр
Сурет: BAQ.KZ

Бұл туралы мемлекет басшысының қабылдауында болған Марат Ахметжанов айтты.

Ішкі істер министрінің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрі Марат Ахметжановты қабылдады. Президентке биылғы 10 айдағы криминогендік жағдай туралы есеп берілді.

Министрдің мәліметінше, кісі өлтіру, зорлық-зомбылық, тонау, ұрлық, мал ұрлығы, сондай-ақ бұрын сотталғандар тарапынан, мас күйінде және отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстар азайған.

Мемлекет басшысына құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары, атап айтқанда, отбасылық-тұрмыстық салада зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі кешенді шаралар әзірлеу туралы мәлімет берілді.

Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстың себептері мен қаржыландыру көздерін жоюға баса мән бере отырып, оларға қарсы күрес тәсілдерінің өзгергені жөнінде баяндалды.

Министрдің айтуынша, бопсалаумен, адам саудасымен, қару-жарақты, есірткіні заңсыз сатумен және басқа да қылмыстармен айналысқан 33 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.

Полицейлер заңсыз айналымдағы 12 тоннаға жуық есірткіні, соның ішінде оның 212 кг синтетикалық түрлерін тәркіледі. 36 есірткі зертханасы мен 43 есірткі каналы жойылды, есірткі жарнамалайтын 1900 сайт бұғатталды. Министрлік нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы үш жылға арналған Кешенді жоспар әзірлеп жатыр.

Сонымен қатар президентке «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» жеке заң әзірленіп жатқаны туралы баяндалды.

Кездесу соңында Тоқаев елімізде азаматтардың қауіпсіздігін және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.