Алматылық мүмкіндігі шектеулі жандар мұңдарын шақты

Алматылық мүмкіндігі шектеулі жандар мұңдарын шақты
Сурет: Kapital.kz

Инватаксиге мұқтаж алматылықтар оның санының жетіспейтінін айтуда.

«Арбаға таңылғандар арнайы көліктің тапшылығынан қалада жүріп-тұруымыз қиындады», - дейді. Дегенмен әкімдік өкілі алдағы уақытта мәселе шешімін табады деп сендірген. Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін көліктердің санын 100-ге жеткізу көзделіп отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

24.kz сайтының жазуынша, Ұлан Іңкәрбеков, өзімен тағдырлас жандардың мәселесін біраз жылдан бері көтеріп келеді. «Инватаксиге қатысты да шағымдар көп», - дейді ол. Әсіресе, арбада отыратын жандарға арналған арнайы жабдықталған  көлік жетіспейді. Қолданыста жүргендері ескірген. Инвесторлар пайдасы аз кәсіпке қаржы құюға құлықсыз.

«Инватаксиде қателіктер көп. Бізде күннен күнге тұтынушылар көбейіп жатыр.  Бұрынғы адамдарға тағы қосымша адамдар қосылып жатыр. Сондықтан машина жетіспейді. Біз инвесторларды кіргізейік десек, олар 1 жылға контрактіге кірмейді. Бір жылдың ішінде ол машина өзін-өзі ақтамайды. Талай кездесулерде, талай жоғары жақта да осы мәселені көтеріп айтып жүргенім, контракт ең кемі 3 жылға жасау керек», - дейді мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлан Іңкәрбеков. 

Қазір қалада мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдаумен  айналысатын үш компания бар. Күнделікті 64 көлік қызметке шығады. Олардың 24-і ғана арбада отыратын ересектер мен балаларды қажет жеріне жеткізеді. Ал қалған көліктер зағип жандармен аутизмге шалдыққандарға қызмет көрсетеді. Алматыда арбада отыратын 1500 адам бар екенін ескерсек, арнайы көліктің жетпейтіні айдан анық.

«Біз 180 адамға қызмет көрсетеміз. Яғни, күніне тұрақты түрде 180 өтініш түседі. Олар 12 көлікке бөлінеді. Ең азы бір машина күніне 20 шақырым жүреді. Техника ескірген. Жаңа көлік алуға қаржы жоқ, тіпті, оларды жөндеуден өткізуге ақша қолбайлау», - дейді инватакси қызметін көрсететін компанияның директоры Эмиль Максумов.

Әкімдік өкілінің айтуынша, 2023 жылға инватакси қызметі үшін бюджеттен 765 млн теңге бөлінген. Бірақ бұл конкурсқа ешқандай қызмет көрсетуші компания қатыспаған. Себебі, бұл қаражат аз.

«Қазіргі таңда 2700 теңге - ол 1 машинаның 1 сағатына арналған сома. Біз ақпан айында қалалық бюджетке шағым түсірдік. 2700 теңгеден көтеру үшін және  халық маслихаттары сол сұрағымызды қабылдады. Және қосымша қаражат берілді. 2700 теңгеден 3700 теңгеге шейін, 1 сағаттық көтерілді. Және мамандандырылған көлік бойынша 2700 теңгеден 4500 теңгеге дейін сол қаражат көтерілді. Бұл бізге конкурсқа жаңа компанияларды тартуға мүмкіндік береді», - дейді жұмыспен қамту және ӘБ басқармасы басшысының орынбасары Қалибек Ақылбек.

  Қазіргі уақытта жаңа баға негізінде әлеуметтік қызмет көрсететін компанияларға арналған конкурстың техникалық құжаттамасы әзірленуде. Әлеуметтік жобаға бір миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, алдағы уақытта инватакси қызметіндегі көліктер санын 100-ге жеткізу жоспарда бар.