Әскерге барудан қашқандарды бірнеше жылға соттау ұсынылды

Әскерге барудан қашқандарды бірнеше жылға соттау ұсынылды
Сурет: Vkpress.ru

Әскерге шақыру науқанын өткізуде бірқатар мәселе бар.

Қазақстандық мамандар әскерге шақырылушыларды шақыру комиссиясына келуге мәжбүрлейтін заңды тетіктер қарастырылмағанын айтып отыр. Сондықтан олар нормативті-құқықтық актілерге бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынбақ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

« Ең бастысы – әскерге шақырылушылардың жүрген жерін анықтау. Бізде әскери есепте тұрғандардың тұрғылықты жері мен уақытша мекенжайы Халыққа қызмет көрсету орталығының электронды базасы арқылы нақтыланды. Алайда олар көрсетілген мекенжайларда тұрмайды. Тағы 180 адам Қазастан аумағынан шығып кеткен. Бұл - ҚР ҰҚК Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті шекара қызметінің берген мәліметі», - дейді Петропавл қалалық қорғаныс істері басқармасының басшысы Бауыржан Есенеев.

Cпикердің айтуынша, олар ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабына өзгеріс енгізуді ұсынады: әскери қызметтен өтуден бас тартқандарға, шақыру учаскесіне, облыстық жинақтау пунктіне келмегендерді 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесу.

«Ал әскерге бармау үшін өзіне-өзі жарақат салатындарға, өтірік ауыратындарға, жалған құжат жасайтындарға және шақыру учаскесіне, облыстық жинақтау пунктіне екі және одан артық келмегендерге 3 жылдан 6 жылға дейін жаза кесуді ұсынамыз», - дейді Бауыржан Есенеев.

Маманның айтуынша, Петропавлда әскери есепте 9 мыңға жуық әскерге шақырылушы тұрса, соның 510-ның жүрген жері белгісіз.