Ғибраты мол мереке

Ғибраты мол мереке
Cуреттер: Almaty-akshamy.kz

«Alatay Aqparat» ұжымында құрбан айтқа арналған ақ дастархан жайылды.

Құрбан айт – Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң келетін мейрам. Мұсылман қауымы бұл мерекені қатарынан үш күн тойлайды.

Айт күндері құрбандық шалынады. Бұл күндер Ұлы Меккеге қажылықпен  аяқталады. Ал айт күндері мұсылманның атқаратын ең жақсы ісі – құрбан шалу.

Құрбан шалу Алла Тағалаға жақын болу, күнәлардың кешірілуі, Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкір ету, бай мен кедейге кеңшілік жасау үшін міндеттелді. Өйткені осы күні барлық адам Алла Тағаланың қонағы болады, құрбан етінен жейді, оны тарту етеді, одан садақа береді.

Алматының қос бірдей басылымы «Almaty aqshamy» және «Вечерний Almaty» газеттерінің басын біріктіріп, қанатының астына алып отырған «Alatay Aqparat» медиахолдингі өз жұмысында тек шаһардың тыныс-тіршілігін қамтып қоймай, ұлтымыздың өткен тарихы мен терең философиялық мәні бар дәстүрлі мерекелерін де аса құрметпен атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Жалпы, ұжымда діни және ұлттық сана-сезімнің жоғары деңгейде қалыптасуына, оған тиісінше құрмет көрсетуде ұлттық  салт-дәстүрді насихаттап отырудың да маңызы  ерекше зор. Сондықтан болар, аталмыш ұжымда ұзақ уақыттан бері  Ауызашар тұрақты үрдіске айналып, ораза ұстаған қызметкерлерге  тұрақты түрде ауызашар беріледі. Сонымен қатар,  ұзақ жылдар басылымда еңбек еткен ардагерлерге материалдық және моральдық қолдау көрсетіліп отырады. Осы орайда «Alatay Аqparat» медиахолдингі Құрбан айт мерекесін де ерекше атап өтті. Құрбан айттың соңғы күнінде құрбандық шалынып, аулаға ақ дастархан жайылды. Басылымның жанашырлары мен адал досына айналған жазылушылары да Құрбан айтпен құттықтай келді.

Қашаннан-ақ қарбаласып жататын редакцияның ауласы да таңертеңнен бастап қызу тірлікке толды. Дайындыққа кіріскен қызметкерлер өздерінің қаламға ғана жүйрік емес, қазанды да қайната білетіндіктерін көрсетті.  Мал сойылып, қазан көтерілді. Бауырсақтың исі мен  қос иінінен демалған самаурын келушілерге жақсы көңіл-күй сыйлады. 

Қонақтардың тура туған ауылына келгендей көңілдері көтерілді. Қос басылымның байырғы оқырмандары – Дінмұхамед Қонаев атындағы музей-үйінің басшысы Диар Асқарұлы Қонаев, «Айгөлек» балалар журналының бас редакторы Қымбат Әбілдина, белгілі журналист және қоғам қайраткері Ермұрат Бапи, медиахолдингтің шығармашылық дамуы жөніндегі кеңес мүшелері мен біздің тұрақты тәлімгерлеріміз – Отандық журналистика Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев және Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының жетекші ғылыми қызметкері Елжан Біртанов, ЮНЕСКО-ның жетекші ғылыми қызметкері Валерий Жандәулетов, MedRemZavod компаниялар тобының бас директоры Арыстанбек Жұмағұлов, танымал отандық бизнесмен және меценат Саяхат Боранбаев, сондай-ақ қала әкімдігінің өкілдері  мен  басқа да қонақтар жайылған дастарханға ризашылықтарын білдірді. Ақ дастархан басына жиналған қауым Алатау ауданына қарасты «Мырзахмет» мешітінің наиб-имамы Олжас Баезовтың адамгершілік, әдептілік тұрғысындағы уағыздарын тыңдап, ішкі жан-дүниелерін рухани азықпен толтырды.

Жақсы сөз – жарым ырыс

Жұрт болып дастархан басына жиналғанда Құран оқып, бата беру – қазақтың дәстүрі. Сондықтан біздің ұжым да өзінің ақ дастарханына арнайы Алатау ауданында орналасқан «Мырзахмет» мешітінің имамы Олжас Баезовты шақырды. Дін қызметкері ас алдында дұғамен бата айтып, жиналған қауым әл-ауқаттанған соң, Қасиетті Құран сүрелерін оқыды. Ұжымның үлкенді-кішілі қызметкерлерін бір ортаға ұйытып уағыз айтты, «Құрбан айт» мерекесінің мәнін ашты. Имамның айтуынша, бұл мұсылман мерекесі тек ас ішіп, мал бауыздауды мақсат тұтпайды. Мерекенің түпкі мәні – көптен көріспеген, арасында араздығы бар адамдарды татуластыру, мұқтаж адамдарға көмек жасауға себепкер болу, көпшілікті иман мен мейірімге шақыру. 

Бүгінгі күні қазақ басына іс түссе ғана қой сояды. Қайғы келсе де, қуаныш болса да – сол. Алайда Құрбан айттағы малды біз тірілер үшін, ата-анамыз бен отбасымыздың амандығы үшін шалуға міндеттіміз. Дүниеден өткен соң, жақындарымызды жоқтамай, барында бағалап, өз парызымды тура жолмен атқарайық, – деді имам.

Сондай-ақ, дін қызметкері айтулы мейрамда қайырымдылық жасаудың мәнін әңгімелеп берді.

«Жасалатын жақсылық істің садақа болуы үшін діни тұрғыдан үш ерекшелікке ие болуы керек: мұқтаж жанға беру, Алла разылығы үшін берілуі және берілген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуы тиіс. Құранда «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» (6.Әнғам-160) делінген. Сондықтан бір-бірімізге жақсылық қылайық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларына айтқан бір әңгімесінде «қандай да бір іс жасаса (біреуге жол көрсету, жолдағы зиян тигізетін затты алып тастау, ілім алу, үйрету т.б.), ол үшін бір садақа» деп өсиет еткен», – деп айтып өтті.