Алматылық келіншек төрт ай бойы сәбиінің ұл емес, қыз екенін дәлелдей алмай келген

Алматылық келіншек төрт ай бойы сәбиінің ұл емес, қыз екенін дәлелдей алмай келген
Сурет: Inform.kz

Себебі сәбидің құжатын перзентханадағылар дұрыс толтырмаған

Nur Otan партиясы баспасөз қызметінің мәліметінше, партияның Алматы қалалық филиалына Мақпал Нұрлан есімді келіншек №3 қалалық перзентханаға шағымын айтып хабарласқан.

Ол 2021 жылғы 29 қыркүйек күні дүниеге келген қызының жынысын перзентхана қызметкерлері ақпараттық базаға «ұл» деп қате тіркеп жіберген айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Қате жасалғанына 4 ай уақыт өтсе де, өзгеріс енгізу жұмысы нәтижесін бермеген.

«Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы қалалық мәслихат депутаты Әсия Ақановамен бірлесіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық базасындағы қателікті түзету бойынша жұмысы нәтижесін берді. Партияға хабарласқалы 10 күн ішінде қыздың анасы туу туралы куәлікті қолына алып отыр. Аталған жайтқа ұқсас мәселелер бойынша партияға азаматтар жиі хабарласады. Барлық өтініштер партияның бақылауына алынып, тиісті шаралар атқарылады», - деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

Мысалы, қазіргі сәтте қаладағы бір мекеме есепшісінің қателігінен нәрестенің анасы бала тууға және бала күтімі бойынша жәрдемақыны жарты жылдан бері ала алмай жүр.