Алматылық дәрігерлер 90 жастағы науқасты аяғына қойды

Алматылық дәрігерлер 90 жастағы науқасты аяғына қойды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының (ҚЖШККА) травматолог-ортопедтері жамбас сүйегі сынған 90 жастағы кейуанаға жамбас буынын эндопротездеу отасын сәтті жасады.

Науқас өмірінде екінші рет жүруді үйренді деп айта аламыз. Егер ерте балалық шақта бұл табиғи құбылыс болса, бұл жолы оңай болған жоқ. Кәсіби білікті дәрігерлер мен жоғары технологиялар арқасында бәрі сәтті өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Тамара Григорьевна ҚЖШККА қабылдау бөліміне жедел жәрдем бригадасымен шұғыл түрде жеткізілді. Науқас оң жамбас буыны аймағындағы қатты ауырсынуға және оң аяқтың тірек қабілетінің бұзылуына шағымданды. Оған оң сан сүйегі мойын бөлігінің фрагменттерінің ығысуымен жабық базальды сынық диагнозы қойылды.

Науқастың жасы мен жағдайын ескере отырып, қосымша тексеру және алдын ала дайындықтан кейін мүмкіндігінше тез әрекет ету қажет болды, сондықтан науқас дереу хирургиялық емдеуге жіберілді.
Оң жамбас буынын биполярлы цементтік эндопротездеу отасын №2 травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Медет Жанысов, травматологтар Жәнібек Жұмабек, Бегзод Хансейітов, анестезиолог Гүлнар Камалова жасады.
Операция 30 минутқа созылды.

– Мұндай жағдайда науқас мүмкіндігінше аз жатқаны маңызды. Егде жаста, өкінішке қарай, көптеген созылмалы аурулар жиналып қалады, оның үстіне жазылуы баяу инфекциялар қосылады. Сондықтан мұндай науқастар үшін эндопротездеу өте маңызды, - деп атап өтті бөлімше меңгерушісі Медет Жанысов.

Егде жастағы пациенттер үшін толық протездеу қауіпті, ал остеосинтездің пайдасы жоқ. Ал жамбасты биполярлы эндопротездеу негізінен әлсіреген және егде жастағы науқастарға арналған. Биполярлы эндопротездеу пациентті толыққанды, белсенді өмірге мүмкіндігінше қысқа мерзімде және мейлінше аз тәуекелмен қайтару үшін қолданылады. 

Жамбасты биполярлы эндопротездеу отасы толық эндопротездеуге (екі сағаттан астам) қарағанда, бірнеше есе жылдамырақ жасалады (шамамен жарты сағат) және жалпы анестезиямен де, жергілікті анестезиямен де орындалуы мүмкін.

• Толық эндопротездеуге қарағанда, биполярлы эндопротездеу аз жарақатты әрі әлдеқайда аз энергияны қажет етеді. Толық эндопротездеу кезінде әрқашан гемотрансфузия жүзеге асырылады, бұл егде жастағы және созылмалы ауруы бар науқастар үшін қолайсыз.
• Операциядан кейінгі кезең мейлінше аз уақытты алады. Ал остеосинтезден кейінгі қалпына келтіру және операциядан кейінгі гиподинамия айларға созылады.

Операция жасалған соң, 3 күннен кейін Тамара Григорьевна орнынан тұрып, палатада жүре бастады. Ауруханадан 9-күні шығарылған кезде ол бөлім дәлізімен жүріс арбасымен өз бетінше қозғалды. Дәрігерлер бәрі жақсы болатынына сенімді. Ең бастысы, ол өз құтқарушыларының ұсыныстарын бұлжытпай жауапкершілікпен орындайды, бұл өте маңызды.
Тамара Григорьевна аурухана дәрігерлері мен медбикелеріне шексіз алғысын білдірді.