Алматыдан Сенат депутаты сайлауына түсетіндердің бәрі – әйелдер

Алматыдан Сенат депутаты сайлауына түсетіндердің бәрі – әйелдер
Сурет: Ашық дереккөзі

Сенат депутаттығына кандидаттардың 95,5%-ы өзін-өзі ұсынған

Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы Парламент Сенат депутаты сайлауына қаладан 4 үміткер түсетін жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Алматыдан Сенат депутаты сайлауына түсетін үміткерлердің барлығы - әйелдер. Олар: «Youthart» ҚҚ директоры Кристина Юрьевна Бекмурзаева (1991 жылы туған, өзін-өзі ұсынған), «Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжі» МКҚК директорі Жаркын Лепесовна Жаниязова (1967 жылы туған, өзін-өзі ұсынған), Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Гульнара Ахметжановна Көкебаева (1974 жылы туған, «Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Алматы қаласы, өзін-өзі ұсынған), «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі Жанна Бейсентаевна Асанова (1975 жылы туған, өзін-өзі ұсынған). Салалары бойынша: 1 - мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның қызметкері, 1 кандидат - мемлекеттік қызметші, 1-коммерциялық құрылымдардың қызметкері, 1-қоғамдық ұйымның өкілі.

Мамандықтары бойынша: заңгерлер-2, инженерлер-1, өнер саласы-1. Бұл ретте 1 кандидаттың екі мамандығы бар. Үміткерлердің орташа жасы - 45.

«Сайлау комиссиясында Алматыда кандидаттарды ұсыну 2022 жылғы 29 қарашадан 14 желтоқсан сағат 18.00-ге дейін жүзеге асырылды. Алматы қаласы бойынша өзін-өзі ұсыну арқылы ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына 10 кандидат ұсынылғанын хабарлады. «Олардың үшеуі Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келмеді. Екеуі тіркеу үшін қажетті құжаттардың толық тізімін ұсынбады. 2022 жылдың 24 желтоқсанында тіркеудің аяқталу мерзімінің соңғы күніне дейін барлығы 5 үміткер тіркелген еді. Кандидаттарды тіркегеннен кейін сайлау туралы Конституциялық заңда белгіленген тәртіпке сай, Алматы қаласының сайлау комиссиясы мемлекеттік кірістер департаментіне активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеру туралы сұрау жолдаған болатын. Тапсырылған декларация мен уәкілетті органдардан алынған мәліметтердің сәйкес келмеуіне байланысты Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің анықтамасы негізінде 2022 жылғы 25 желтоқсанда 1 кандидатты тіркеу туралы шешімнің күші жойылды. Осылайша, 2023 жылғы 5 қаңтардағы жағдай бойынша, Алматы қаласынан 4 кандидат тіркелді - Ж.Б. Асанова, К.Ю. Бекмурзаева, Ж.Л. Жаниязова және Г.А. Көкебаева», - деді ведомство.

Сондай-ақ Сенат депутаттарын сайлау жанама жолмен жүргізіледі, яғни оған барлық халық қатыспайды. Сенат депуттарын барлық өңірдегі мәслихаттардың депутаттары сайлайды.

Еске салайық, 2023 жылдың 14 қаңтарында еліміздің 20 өңірінен бір-бір Сенат депутатын сайлау өтеді.

Айта кетсек, Сенат депутаттығына кандидаттардың 95,5%-ы өзін-өзі ұсынған.