Алматыдағы аялдамалар келер жылдан бастап стандартқа сай болады

Алматыдағы аялдамалар келер жылдан бастап стандартқа сай болады
Сурет: Ba-company.net

Келесі жылдан бастап бұл мәселе ретке келтіріледі. 

Алматыда аялдама кешендері стандартталады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қала басшысымен кездесуге келген Әуезов ауданының тұрғыны қаладағы аялдамалар мәселесін көтерді.

«Әл-Фараби даңғылында аялдамалардың атауы жазылып тұрады. Бұл жолаушылар үшін өте ыңғайлы. Ал басқа көшелерде олай емес. Барлық аялдамаларда да жазылып тұрса деген өтініш бар. Адам соған қарап, қай жерге жеткенін түсінеді», - деді Алматы тұрғыны.

Ерболат Досаев әл-Фараби даңғылындағы аялдама кешендері жеке инвесторлардың есебінен жасалғанын айтты.

«Дұрыс айтасыз. Біздің қалада, өкінішке орай, аялдамалар стандартталмаған. Біз қаланың дизайн-код жобасын дамытып жатырмыз, соның ішінде аялдамалар да бар. Бенчмарк аламыз. Келесі жылдан бастап бұл мәселені ретке келтіреміз. Аялдамаларда стандартталған заттар болады: атауы, бағыты және тағы басқасы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, біз бұл жағдайды өзгерте бастаймыз деп үміттенеміз», - деді Ерболат Досаев.