Алматыдағы Алатау ауданында 6 бағдаршам орнатылды

Алматыдағы Алатау ауданында 6 бағдаршам орнатылды
Сурет: Ашық дереккөз

Өжет шағынауданында 1,1 шақырым орташа жол жөндеу жұмысы жүргізілді

Алматы әкімімен өткен кездесудің маңызы зор. Бүгін бірауыздан осындай пікір айтқан Алатау ауданының тұрғындары қала басшысына ризашылықтарын білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Өйткені діттегендеріне жетіп, сұрағандары алдынан табылған. Бүгіннің өзінде кездесуде көтерілген 90 шақты сұрақтың 70-сі шешілген.

Алатау ауданына қарасты Жәдігер көшесінде жүргіншілерге арналған тротуар жоқ. Кесірінен ойын балалары үшін мұнда серуендеу тұрмақ, жолда жүрудің өзі қауіпті еді. Оған қоса, асфальт әбден ескіргендіктен, көп жері шұрық тесік болған. Енді қазір бұл маң тақтайдай теп-тегіс. Алатау ауданы әкімдігі Жәдігер көшесінен бастап № 184 мектепке дейінгі аралыққа орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізген.

«Мына жолды жөндеп беріп жатыр. Адам жүре алмайтын.  Аллаға шүкір, міне тротуар жасады. Қанша еңбек. Таңның атысы, күннің батысына дейін жұмыс істеп жатыр. Алладан қайтсын! «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Асфальт төсеген кезде кісілер сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеді», – деді қала тұрғыны Кенжебай Хасен.

Жол мәселесі Өжет шағынауданында да болған. Осыған дейін елді-мекенді орталық су және кәріз жүйесіне жаппай қосу үшін құбыр жүргізілді. Жұмыс жүру үшін жер қазылып, халыққа біраз уақыт қолайсыздық тудырғаны рас. Енді барлық тиісті жүйе тартылған соң әкімдіктегілер көшелерге асфальт төседі.

«Батпақ болады. Машинамен жүруге, балалар ойнауға ешқандай мүмкіндік болмаған. Қазір асфальт төселді. Дұрыс болды», – деді қала тұрғыны Аппаз Дүйсеев.

«Көшені жөндеп берді. Сөзімізді жерге қалған жоқ, айтылды, орындалды. Біз қуаныштымыз. Алғыс   айтамыз», – деді қала тұрғыны Арзыгүл Гаппарова.

«Өжет шағынауданында 1,1 шақырым орташа жол жөндеу жұмысы жүргізілді. Биыл  Өжет шағынауданын 100 пайыз қамтылды», – деді Алатау аудандық коммуналды шаруашылық бөлімінің бас маманы Қуатбек Мақашев.

Ата-ананың да жан айқайы ескерусіз қалмады. Жолды жиі кесіп өтетін оқушылардың қауіпсіздігі үшін Алатау ауданында қазірдің өзінде 6 бағдаршам орнатылды. Соның төртеуі Момышұлы көшесіне қойылған. «Кездесуде көтерілген мәселелердің ешқайсысы ескерусіз қалмайды» дейді Алатау ауданы әкімдігі.