Алматыда қоқыс өңдейтін зауыт салынатын болды

Алматыда қоқыс өңдейтін зауыт салынатын болды
Сурет: Рromusor.info

Бұдан басқа еліміздің тағы 5 қаласында 2022 жылдан бастап зауыт құрылысы басталмақ.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Үкімет отырысында қоқыс жағатын зауыттардың құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Рrimeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қалдықтармен жұмыс істеу мәселесіне көшейін. Түзілген қатты тұрмыстық қалдықтар көлемін айтарлықтай қысқарту үшін заңнамалық деңгейде Waste to Energy тетігі енгізілді. Қоқыс жағатын зауыттар салу үшін 6 қала анықталды. Алғашқы аукциондық сауда-саттық өткізілді. Инвестор анықталды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Жеке инвестициялар 292 млрд теңгені құрайды», – деді министр.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қоқыс тастайтын жерлерді жою және оған жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 7,3 мың полигонның 86%-ы (6,3 мың) жойылды. Рейдтік іс-шаралар жүргізілді, 17 мыңға жуық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. 2022 жылдан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында қоқысты қайта өңдеу зауыттарын салу жобалары іске асырыла бастайды.