Алматыда зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталық ашылды

Алматыда зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталық ашылды
Сурет: Maqat-tynysy.kz

One Stop Service орталығы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«One Stop Service концепциясы – бұл жерде бастапқы бір реттік заңгерлік және психологиялық көмекті тегін алуға болады. Әйелдер мен балалар орталыққа өзі хабарласа алады немесе келе алады. Айта кету керек, бізге тек алматылықтар немесе облыс тұрғындары ғана емес, барлық өңірлерден келген қазақстандықтар жүгіне алады», - дейді бастама авторы, Ұлттық комиссия мүшесі, белгілі заңгер, құқық қорғаушы Айман Умарова.

Ол Қазақстанда сот-психологтары – осы салада жұмыс істейтін сарапшылардың пайда болуы маңызды деп санайды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардан жауап алу әдістемесін әзірлеу туралы ұсыныс жасады.

«Қазіргі кезде зорлық-зомбылықты бастан өткерген кішкентай қыздар мен ұлдардан жауап алу тәсілі өте қорқынышты. Балалар қосымша психологиялық жарақат алады», - деп түсіндірді ол.

Құқық қорғаушы елде зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту бағдарламалары қажет екенін де атап өтті.