Алматыда жүргізуші куәлігінсіз автокөлік айдаған азамат 10 тәулікке қамалды

Алматы қалалық прокуратурасы мен қалалық полиция департаменті бірлесе өткізген рейдтің барысында жүргізуші куәлігінсіз автокөлік жүргізген азамат анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлағандай, 3 желтоқсан күні полиция экипажы Б. есімді азамат жүргізген «Мерседес» маркалы автокөлікті тоқтатады. Тексеріс барысында оның биыл 10 қарашада жүргізуші куәлігінен 6 айға айырылғаны анықталды.
«Сол күні ол Алматы қаласының Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігі бойынша шығарған шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», - деп хабарлады прокуратурадан.
Осыған орай Алматы қалалық прокуратурасы автокөлік жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтап, басқа көлік жүргізушілерге қауіп төндірмеуге шақырды.