«Карлагқа» қайыспаған қаһарман

«Карлагқа» қайыспаған қаһарман
almaty-akshamy.kz

Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Ермұханбет Қуандықтың «АRNA-B» баспасынан шыққан «1 жыл 11 ай 3 күн» атты деректі кітабының таныстырылымы Желтоқсан құрбандарын үнсіз еске алумен ашылды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Тұсаукесерге қатысып, толғамды ой-пікір өрбіткен танымал тұлғалар қатарында қабырғалы қаламгер, абайтанушы ғалым, 1986-ның Желтоқсан көтерілісінен қуғын көрген талай боздақтардың тағдырына араша түскен ең алғашқы қоғамдық ұйым құрамында белсенді жұмыс жасаған қайраткер Тұрсын Жұртбай, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, алаштанушы әдебиетші-ғалым, филология ғ.д., академик Дихан Қамзабекұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Шығыстану кафедрасының профессоры. т. ғ. к., доцент Күлаш Ілиясовалар бірауыздан кітаптың құндылығын жоғары бағалады. Олар автордың өз басынан өткерген оқиғаларды қарапайым тілмен шынайы бейнелеп жаза отырып, желтоқсан көтерілісі туралы тың деректерді нақты дәйектермен, әсірелемей, дәлелді, нанымды жеткізе білуін атап айтты.

Кітапсүйер қауым өкілдері қатарында ардагер желтоқсаншылар да болды. Автор тағдырлас достарына, сондай-ақ, ҚР Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенова мен Мемлекеттік архивтің бөлім басшысы Ғазиза Исаханға кітабын өз қолымен табыстады. Өз кезегінде желтоқсаншылар атынан «Желтоқсан -86» республикалық кеңесі төрағасы Қайранбеков Бауыржан мен Алмабаев Әлібек авторға жылы лебіздерін білдіріп, құттықтау хаттары мен естелік сыйлықтарын ұсынды.

Желтоқсан құрбандарын еске алу күні қарсаңында өткен бұл шарада халықаралық «Шабыт» фестивалі жүлдесінің және «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ұмтыл Зарыққан Желтоқсан туралы жыр-толғауын оқыса, Е. Рахмадиев атындағы академиялық филармонияның өнерпаздары Әйгерім Нартүйеева, Зинат Қасымова, Қайсар Майлыбай тамылжыта орындаған ән-күйлерімен кеш әсерін үстей түсті.

Көпшілікке әуе толқыны арқылы жақсы танымал радиожурналист Мұхтар Тұртайұлы таныстырылым тізгіншісі қызметін еркін де тартымды атқарып отырды.

1986-ның желтоқсанында қазақ тілі мен ұлт мүддесін қорғау мақсатында жастарды алаңға шақырған үндеу парақшаларын жазып таратқаны және Алматы алаңындағы қанды қақтығыстарға қатысқандығы үшін сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айрылып, Карлагтың қатаң тәртіпті колониясына айдалған автордың ызғарлы Желтоқсанның өзі куә болып, көзі көрген, басынан кешкен тарихи оқиғаларын көп жылдар бойы көкейінде сақтай жүріп, сан қайтара жадында жаңғыртып, үзік-үзік хатқа түсіріп толғай жүріп, арада 35 жыл өткенде деректі-өмірбаяндық тұтас дүние етіп жазып шығуы — бір ерлік! Ал ол жазылғанды ешкімге алақан жаймай, өз қаржысымен барлық шартқа сай, толымды кітап етіп жарыққа шығаруы — Ермұханбеттің екінші ерлігі болды. Сонша жылдық төзім мен қажырлы еңбек нәтижесінде туған төл туындысын тағы да өз қаражат-күшімен еліміздің бас қалаларынан бастап, республикадағы бүкіл облыстық кітапханаларға жеткізіп, тегін табыстауы — кезекті, азаматтық ерлігі деп бағалануға әбден-ақ лайық!

Е.Қуандық өзінің бұл шешімді әрекеттерін республика кітапханаларының кітап қорын «жас ұрпақты басына түскен қиындықпен күресе білетін қайсарлыққа баулитын, олардың ұлттық-патриоттық сезімдері мен рухын қайрап, асқақтататын бір кітаппен болса да байытсам, ес жиғалы арман қылған азаматтық мақсатым — ел тәуелсіздігі тұғырын нықтауға мысқалдай болса да қосқан жеке үлесім деп білемін!..» деп түсіндірді.