Алматыда жолды жапқан тұрғындар жазаланды

Алматыда жолды жапқан тұрғындар жазаланды
Сурет: интернеттен

Кеше Алматыда "River Park" тұрғын үй кешенінің тұрғындары жылуды қосу талаптарымен Мақатаев көшесін жауып тастаған еді.

Алматыда полицейлер жолды жапқан River Park тұрғын үй кешенінің тұрғындарын жазаға тартты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Төрт азаматқа қатысты полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

"Акцияның басқа тоғыз қатысушысы көлік құралдарының жүрісіне кедергі жасағаны үшін Кодекстің 614-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің (ӘПК) төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

"Бұл әрекеттер қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу, жол жүрісіне кедергі келтіру, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау болып саналады. Бұл жағдайды тұрғындар тиісті органдармен және қызмет көрсететін ұйымдармен заң шеңберінде, сондай-ақ митинг ұйымдастыру туралы Заңның талаптарын сақтай отырып, оны алдын ала жергілікті атқарушы органға хабарлау арқылы шешуі қажет болатын. Осылайша бұл азаматтар қоғамдық тәртіпті бұзып, басқа азаматтарға қолайсыздық туғызды", - дейді Сұлтанбаев.