Алматыда жыл соңына дейін екі қонақ үй бой көтереді

Алматыда жыл соңына дейін екі қонақ үй бой көтереді
Сурет: ашық дереккөз

Туристік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде биыл қаланың нөмірлік қоры 3 мың жатын орынға ұлғайып, 27 мың жатын орынға жетеді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2,2 мың жатын орын болған.

Осы жылдың соңына дейін 390 бөлмелі тағы 2 қонақүй бой көтереді. Атап айтсақ, 90 бөлмелі «Medeu Park Hotel», 300 бөлмелі «Parkside living» Апарт-қонақүйі ашылатын болады. Сонымен қатар 3 кемпинг-аймақ бар. Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында ұзындығы 150 км 10 тау маршруты құрылады. Бұл маршруттар цифрландырылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Қазіргі таңда Алматыда 16 глэмпингтік «Qazaq Auyl» эко-қонақүйі және 112 бөлмелі «Grand Mildom» қонақүйі ашылды. Мемлекет басшысы Түрген мен Қаскелең арасындағы тау кластерінің Шығыс және Батыс бөліктерін кешенді дамытуды тапсырды. Бұл мақсатта Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп Алматы агломерациясы шеңберінде Түргеннен бастап Қаскелеңге дейінгі тау кластерін дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жүргізілуде. Оны осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда», - дейді Алматы қаласының әкімі Е.Досаев.

Биылғы жылы шетелдік туристер саны 450 мың адамға, ішкі туристер саны 1,5 млн. адамға дейін өседі деп күтілуде. Өткен жылы шетелдік туристтер саны – 417,3 мың адам, ішкі – 1,4 млн. адамға жеткен.