Алматыда "Ұлы дала - көшпенділер әлемін" 10 мыңға жуық адам тамашалады

Алматыда "Ұлы дала - көшпенділер әлемін" 10 мыңға жуық адам тамашалады
Сурет: автор

Қала күні қарсаңында Алатаудың етегіндегі «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде жыл сайынғы «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнофестивалі өтті, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

Киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар құрылды, көшпенділердің жауынгерлік ойындары көрсетілді.

– Араға 4 жыл салып, фестиваль қайта жанданды. Іс-шараға 12 мемлекет қатысып жатыр. Алғашқы қатысушылардың бірі болып Малайзия мемлекеті өтініш берді. Мерекелік іс-шараға келушілердің саны өсіп жатыр. Фестивалді 10 мыңға жуық адам тамашалады. Киіз үйлер саны үш есе артты, 40-қа жуық мейрамхана тұрғындарға қызмет көрсетіп жатыр. Арнайы қойылымдармен шектеліп қалмадық. Ат үйрету, садақ ату сияқты ойындар ұйымдастырылып, шетелден келген өнерпаздар да өнерлерін көрсетті. Бұл халықты тәнті қылып жатыр. 500-ге жуық өнерпаз өз өнерлерін көрсетті. Алматы қаласының тұрғындарына, қала меймандарына алғыс білдіремін. Қала басшысының қолдауымен өткен іс-шара қызықты өтіп жатыр,- деді Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.

Ұлттық өнер көрмелері ұйымдастырылды. «Тұран», «ХасСак» этно-фольклорлық ансамбльдері, Түркиядан, Монғолиядан, Алтай мен Тывадан, Чувашия мен Қырғызстаннан және басқа елдерден келген танымал артистер өз өнерлерін көрсетті.

– Қазақ бір туғандарымызға алғыс білдіргіміз келеді. Фестивальге бірінші рет қатысып жатырмыз. Қырғыз елінен 30-дан астам адам келді. Біз садақ ату сайсында бақ сынастық. Қыздарымыз цирк пен садақ атудан өз өнерлерін көрсетті. Алматыда бұндай шара жыл сайын ұйымдастырылып жатыр. Бұл дегеніміз ұлттық спорттың дамуына серпін берері сөзсіз. Алматының ауа райы біздің елге ұқсас екен. Маған бұл шара қатты ұнады, – деді садақ атудан жаттықтырушы Аслайым Ашырова.

Ниет білдірушілердің барлығы түрлі жарыстар мен викториналарға қатысып, бағалы сыйлықтар және ұсталық, зергерлік өнердің құпиясына бойлап, ұлттық ас мәзірінен дәріс алды.