Бейжің Олимпиадасын тікелей эфирде тамашалайтын болдық

Бейжің Олимпиадасын тікелей эфирде тамашалайтын болдық
Сурет: Olympic.kz

Олимпиада ойындарының іріктеу жарыстары 2 ақпаннан басталады.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәлімдеуінше, қазақстандықтар 4-20 ақпан аралығында Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарын «Qazaqstan», «Qazsport», «Habar» және «El arna» телеарналарынан тікелей эфирден көре алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Олимпиадаға қатысатын Қазақстан құрамасында 34 спортшы бар, олар 87 жолдама иеленген. Қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі.

Олимпиада ойындарының ашылу және жабылу салтанаттары, сондай-ақ жарыстар барысы «Qazaqstan» телеарнасында толықтай қазақ тілінде жүргізіледі. Комментаторлармен бірге тікелей эфирге қысқы спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар мен спорт сарапшылары шақырылады. Әрбір жарыстың алдында және жарыс күнінен кейін «Бейжің-2022» атауымен тікелей эфирдегі студиялық бағдарламалар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, олимпиадалық жарыстарды телеарналардың www.qazaqstan.tv және www.qazsporttv.kz ресми сайтынан, «Qazaqstan.tv» мобильдік қосымшасынан көруге болады. XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан күні, сағат 17:55-те басталады.