«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» Халықаралық этнофестивалі шақырады

«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» Халықаралық этнофестивалі шақырады
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

2-3 қыркүйекте Алматы қаласындағы «Боралдай» сақ қорғандарында «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» Халықаралық этнофестивалі өтеді.

Қала күніне орайластырылған фестиваль «Алматы – Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы» жобасы аясында ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Шараның басты мақсаты - көшпенділер мәдениетін, ежелгі тарихы мен салт-дәстүрін көрсету. Фестивальда көшпенділердің жауынгерлік ойындары, саятшылығы, ат баптауы, тағамдары, қолөнері т.б көптеген тұрмыс-тіршілігі  көрсетіледі. Шараға жиналған халық түрлі сайыстарды тамашалап, қызықты шеберлік сабақтарға қатысып, көшпенділердің өткен дәуіріне саяхат жасайды.

Фестивальде Әзербайжан, Түркия, Мажарстан (Венгрия), Малайзия, Башқұртстан, Дағыстан, Чувашия, Алтай,  Бурятия, Өзбекстан және Қырғызстан сынды 10 нан астам мемлекеттен жиналған ең мықты этномузыканттар мен спортшылар өнер көрсетеді.

       «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» Халықаралық фестивалінде 50-ге жуық киіз тігіледі. Көкпар, қыз қуу. аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асауға құрық салу, асауды үйрету, түйе бау, бие бау,  найза шаншу, садақ атуды үйрену, жүн сабау, ұршық иіру, киіз, текемет басу, алаша, кілем, ши, кесте тоқу, зергерлік т.б. бұйымдар жасау және шеберлік сабақтары секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Сонымен қатар қазақтың ұлттық тағамдары да фестиваль барысында жұртшылық назарына ұсынылады.

Фестиваль соңында саятшылардың шоу бағдарламалары, әртүрлі  мемлекеттердің жауынгерлік ойындар көрсетілімі, шетелдік және Қазақтандық этнотоптар концерті (Ұлытау, ХасСақ) қойылады.

 Тұрғындарды фестиваль аймағына жеткізу жағы қарастырылған. Орталық стадион, Н.Сац атындағы театр Шаляпин- 22 (Алтынсарин даңғылы жағынан), "Алатау" дәстүрлі өнер театры ​ (Момышұлы көшесі жағынан), Алматы-1 темір жолы (Автотұрақ) арнайы көліктер қатынайтын болады. Фестивальге кіру тегін.