Алматыда Тәжікстанның мәдени күндері өтті

Алматыда Тәжікстанның мәдени күндері өтті
Сурет: Самат Құсайынов

Бауырлас елдің мәдени күндері Алматыдағы Абай алаңында Тәжікстанның ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп тауарларының көрмесінен басталды.

Республика Сарайының алдына орнатылған шатырларда халық шығармашылығы тауарлары мен ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде кептірілген жемістер мен көкөністер, қауын-қарбыз сияқты 200 тоннадан астам өнім ұсынылды.

Тәжікстан Республикасының Мәдениет күндері аясындағы айтулы шараның бірі Тәжікстан делегациясының Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне сапары болды. Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайрулло Ибодзода және басқа да ресми тұлғалар музейді тамашалап, тәжік халқының карнай, сурнай, рубаб, дутор, танбур сияқты ұлттық аспаптарын музей қорына сыйға тартты.

Мәдени шара қаламыздағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында тәжік халқының ұлттық киімдері, халық шығармашылығы тауарлары мен сурет көрмесіне ұласты.

Көрмеге Қазақстан тарапынан Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысты.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен Тәжікстан өнер шеберлерінің концерті мәдениет күндерін қорытындылады. Бұл шараға бауырлас елдің Мәдениет министрі Зулфия Давлатзода, Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайрулло Ибодзода және Алматыдағы  Бас консулы Равшан Бобохонзода қатысты.

Концертте Амирджон Рузи, Шарофат Усмонзода, Нозияи Кароматулло, Джовидон Нозим, Санджар Сангин, Дилором Саттори сынды әншілері ән шырқап, «Зебо», «Гулрез», «Парасту» би ансамбльдері Тәжікстанның әр облысына тән би өнерлерін ортаға салды. Үнді тілінде шырқалған ән мен опералық ариялар көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.

Кеш соңында тәжік өнерпаздары қазақтың биін билеп, қазақша ән салып, құрмет көрсетті.