Алматыда сайлаудың әділ өтуі үшін бақылаушылардың рөлі аса маңызды

Алматыда сайлаудың әділ өтуі үшін бақылаушылардың рөлі аса маңызды
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Бұл пікірді Алматы қаласы Заң кеңесшілері палатасының мүшесі, ZAN BAR заңгерлік фирмасының жетекшісі, «Әділ сайлау үшін» қозғалысының өкілі Бауыржан Байтағұров айтты.

Бүгін ол ҚР Парламентінің Мәжілісі және Алматы қаласының мәслихат депутаттарын сайлаудан хабар тарату бойынша жалпықалалық баспасөз орталығының алаңындаөткен брифингке қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Ол «Заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізінде «Әділ сайлау үшін» штабы жұмыс істейтінін еске салды. Штабтың міндеті – заңдарды түсіндіріп, сайлау кезеңінде мұқтаж жандарға тегін заңгерлік көмек немесе кеңес беру.

«Біз үгіт-насихатпен айналыспаймыз, біз бейтарап позиция ұстанамыз, бірақ соған қарамастан, біздің міндетіміз – ел халқын толыққанды құқықтық ақпаратпен қамтамасыз ету», - деді Б.Байтағұров. 

Заңгер 2023 жылғы 19 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы мәлімдеме жасағанын еске салды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойды.

Ел Президенті өз Жолдауында депутаттардың жаңарған құрамы бұрынғы қалпында жұмыс істей беретініне, дегенмен, елді жан-жақты жаңғыртуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

«Бүгін таңғы сағат 7-ден бастап республика бойынша сайлау учаскелері ашылды, онда қазақстандықтар өздерінің азаматтық жауапкершілігін көрсете отырып, кешкі сағат 8-ге дейін дауыс бере алады», - деп жалғастырды «Әділ сайлау үшін»қозғалысының өкілі. 

Айта кетейік, Мәжіліс сайлауы аралас жүйе бойынша өтеді: 69 депутат (70 пайыз) партиялық тізім бойынша, 29 (30 пайыз) бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлау да аралас жүйе бойынша, бірақ 50-ден 50-ге дейінгі арақатынаста, ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына – бір мандатты округтер бойынша ғана өтеді. Бұған дейін төменгі палата мен жергілікті өкілді органдарға сайлау тек партиялық тізім бойынша өтетін. Былтыр аралас жүйеге көшуді көздейтін заңнамаға өзгерістер енгізілді.

Елімізде тіркелген жеті партия сайлауға жіберілді. Бір мандатты округтер бойынша дауыс беру нәтижесі бойынша бөлінетін Мәжілістегі 29 орын үшін жүздеген кандидат таласады. Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы алынып тасталды. Сайлау бюллетеньдерінде «бәріне қарсымын» деген баған болады.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, кеше сағат 18:00-дегі жағдай бойынша ОСК еліміздің барлық 7 саяси партиясының Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеді, оның ішінде 281 кандидат бар, олардың 107-сі - әйел адамдар, жастар және мүгедектігі бар тұлғалар.  Заңға сәйкес тізімге енгізілген жалпы санның кемінде 30 пайызын құрайтын әйелдер, жастар және мүгедектер.

Бауыржан Байтағұров сайлау әділ өтуі үшін бақылаушылардың рөлі аса маңызды екенін атап өтті. 

«Бақылаушылар процесті объективті түрде бақылайды. Байқаушылардың басты міндеті сайлаудың әділ және шынайы өтуіне көмектесу болғандықтан, олар сайлау нәтижесіне мүдделі болмауы керек. Олар үшін басты қағида – сайлауға объективті баға беру», - деді Б.Байтағұров.

Олар келесі міндеттерді атқарады. 
• Мұқият бақылау арқылы көзге түскен проблемалар мен заң бұзушылықтарға назар аудару және оларды болдырмау
• Халыққа процесс туралы есеп беру, проблемаларды анықтау және олардың сайлау нәтижелеріне әсерін бағалау арқылы дауыс беру процесінің ашықтығын арттыру.
• Сайлаудың әділдігін, сайлаудың қаншалықты «қолайлы» немесе «еркін және әділ» өткенін және оның нәтижелері сайлаушылардың еркі қаншалықты көрінгеніне баға береді.
• Әділ сайлауды қамтамасыз ету үшін сайлау саясаты мен процедураларына өзгерістер енгізуді ұсынады.

«Бақылаушы – белсенді азаматтық ұстанымы бар, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуді қалайтын және оған үлес қоса алатын адам», - деді спикер.

Байқаушылардың құқықтары мен міндеттері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-1 бабымен реттеледі. ҚР қоғамдық бiрлестiктерiнен, коммерциялық емес ұйымдарынан байқаушының өкiлеттiгi оның тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiле отырып, жазбаша түрде куәландырылуы тиiс. Бұл құжат бақылаушыны жіберген ұйымның мөрімен куәландырылады және бақылаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды. Құжаттар байқаушыны тiркеу үшiн ол туралы мәлiметтер тiзiлiмiне енгiзiлу арқылы сайлау комиссиясының төрағасына немесе оны алмастыратын адамға табыс етiледi. Осылайша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда учаскелік және аумақтық комиссияларда алдын ала тіркелудің ешқандай рәсімдері қарастырылмайды; сондай-ақ байқаушының дауыс беру күні тұрақты түрде сайлау учаскесінде болуы талап етілмейді, ол өз ұйымы жіберген сайлау учаскесінен шығып, қайта кіре алады. Жалғыз шектеу – дауыстарды санау басталғанға дейін (жергілікті уақыт бойынша 20:00) сайлау учаскесіне оралу қажеттілігі. Дауыстарды санау басталғаннан кейін сайлау учаскесінен шығып кеткен байқаушы дауыстарды санау жүргізіліп жатқан мекемеге қайта кіре алмайды.