Алматы циркі жөндеуден өтеді

Алматы циркі жөндеуден өтеді
Сурет: Tengrinews.kz

Алматы циркіне қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Бұл туралы Алматы қаласының мәдениет басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Қалалық мәдениет басқармасынан хабарлағандай, Қазақ мемлекеттік циркінің ғимаратында жөндеу жұмысы жүргенмен, әртістердің жұмыс орны сақталады.

«Қалпына келтіру жұмысы барысында ғимараттың бастапқы келбеті, дизайны мен сыртқы құрылымы өзгеріссіз қалады. Сондай-ақ, оның барысында цирктің бүкіл өнер ұжымы республикада, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерде гастрольдік сапарда болады. Жөндену жұмысы кезінде, Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес, әртістердің жұмыс орны сақталады», - делінген мәдениет басқармасының хабарламасында.

Айта кетейік, Алматы циркі Дінмұхамед Қонаевтың бастамасымен 1979 жылы салынды. Сәулетшісі Владимир Кацев болды. 2003-2006 жылдары цирк алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Цирк ғимараты қала құрылысы және сәулет ескерткіші ретінде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген.