Алматыда Рысқұлов даңғылында орташа жөндеу жұмыстары басталды

Алматыда Рысқұлов даңғылында орташа жөндеу жұмыстары басталды
Суреттер: Facebook.com

Бүгіннен бастап мердігер ұйым Рысқұлов даңғылын орташа жөндеу жұмыстарын бастайды.

Жөндеу жұмыстары Немирович-Данченко көшесінен Жангелдин көшесіне дейінгі аралықта жүргізілетін болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz қалалық мобильділік басқармасына сілтеме жасап.

Жалпы ұзындығы 4,7 шақырымды құрайтын Рысқұлов даңғылында соңғы жөндеу жұмыстары 2013 жылы жүргізілген. Аталған даңғыл бойынша көлік ағыны өте жоғары.

«Тексеру кезінде жол бойында көптеген шұңқыр, ойылған жерлер, қабыршақтану және инженерлік желілерді салғаннан кейінгі жол төсемінің отыруы анықталған. Осының барлығын ескере отырып, Рысқұлов даңғылын 2022 жылғы жол жөндеу жұмыстары жоспарына қосу туралы шешім қабылданды», - деп хабарлады қалалық мобилділік басқармасы көше-жол желілерін дамыту бөлімінің басшысы Нұрзат Ордабаев.

Еске сала кетсек, биыл Алматыда 224 көшеде жол жабынына орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда. Жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы 200 км құрайды. Ағымдағы жылы "Қайрат", "Әлмерек", "Алғабас", "Ақжар" және "Шаңырақ-1" шағынаудандарында 70 км жаңа жол салу жоспарлануда. Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы қала жолдарының үлесін 86%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Vision Zero тұжырымдамасына сәйкес, орташа жөндеуді жүргізу аясында көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерде трапеция тәрізді жасанды кедергілерді, қауіпсіздік қақпақтарын, қауіпсіздік аралдарын орнату бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.