Алматыда мұз көшіп, Есентай өзенінің жағалауындағы қоршауды бұзды

Алматыда мұз көшіп, Есентай өзенінің жағалауындағы қоршауды бұзды
Сурет: Ашық дереккөз

Құтқару қызметімен бірлесіп, аумақты тазарту және қалпына келтіру бойынша жедел шаралар қабылданып жатыр.

Алматыда ауа температурасының ауытқуына байланысты мұз көшіп, Есентай өзенінің жағалауындағы қоршауды бұзып кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы аудан әкімдігінің қызметкерлерімен бірлесіп, аталған жерге шықты. Тиісті тазалау шаралары қабылданатын болады.

«Ауа температурасының ауытқуына байланысты Есентай өзенінің жағалауында мұз көшіп, қоршауды бұзды. Қалалық экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы, аудан әкімдігі қызметкерлері Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті және Құтқару қызметімен бірлесіп, аумақты тазарту және қалпына келтіру бойынша жедел шаралар қабылдап жатыр», - деп атап өтті әкімдік.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, 13 желтоқсан күні Есентай өзенінің бойында әл-Фараби даңғылының жоғары жағында мұз көшкен.

Салдарынан жаяу жүргіншілер көпірінің қоршауы бүлінді.

«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнында сараптама жүргізіп жатыр.