Алматыда мүгедектігі бар адамдарға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі?

Алматыда мүгедектігі бар адамдарға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі?
almaty-akshamy.kz

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауы мен олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып табылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Оның айтуынша, Алматыда мүгедектігі бар 56,7 мың адам тұрады (I топ - 5 813 адам, II топ – 22 904 адам, III топ. -18 856 адам, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар-9 112 адам).

Негізінен, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтендіру денсаулығы жоқ жандардың мүмкіндіктерін өтейтін техникалық көмекші құралдармен және оңалтудың әлеуметтік қызметтерімен уақтылы және атаулы қамтамасыз ету жолымен жүзеге асырылады. 

«2023 жылға 12,7 млрд теңге бөлінді. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаржы қаражатының көлемі жыл сайын артып келеді (2020 жылы – 4,6 млрд теңге, 2021 жылы – 5,2 млрд теңге, 2022 жылы – 7,9 млрд теңге)», – деді Бауыржан Жаубасов.

Мүгедектігі бар адамдар техникалық оңалту құралдарына өз бетінше тапсырыс бере алады.

«2023 жылы мүгедектігі бар 39 774 адам жеке абилитация және оңалту бағдарламасының әлеуметтік бөлігіне сәйкес техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету үшін жүгінді, оның ішінде 35 779 адам қажетті оңалту құралдарымен және қызметтерімен сәтті қамтамасыз етілді, бұл қамтылғандардың  90% -ын құрайды. Жоспарлы көрсеткіш орындалды», - деп нақтылады  спикер.

Оңалту құралдарымен қамтамасыз ету әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Порталда қажетті қаражат болмаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік сатып алу арқылы баламалы қамтамасыз етуді таңдауға құқығы бар.

Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының Жол картасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды іске асыру шеңберінде «Алматыда инклюзивті орта құру» бөлімі бойынша мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттік сатып алу арқылы жеке тапсырыс бойынша инновациялық (қымбат) техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданды.

«Оңалтудың инновациялық техникалық құралдарымен 433 адам (150 адам жаңа технология бойынша протездік-ортопедиялық құралдармен, 200 адам кресло-арбамен, 76 адам сөйлеу процессорларымен және 7 адам сүйек өткізгіш есту аппараттарымен) қамтамасыз етілді. 2024 жылы мүгедектігі бар 288 адамға (1,4 млрд теңге) инновациялық оңалту құралдары сатып алынады», – деп атап өтті басқарма басшысы.

Мүгедектігі бар адамдарға және жүріп-тұруы қиын, мүгедектігі бар балаларға қосымша «Инватакси» қызметтері ұсынылады, ол 100 автокөлікпен Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жүзеге асырылады. 

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша «Ten Qogam» мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау орталығы» әлеуметтік жобасын масштабтау бойынша шаралар қабылданды. Қала аудандарында 8 орталық ашылды, онда 6 454 адам қызмет алды. 

Алматыда кресло-арбалардың бөлшектерін жөндеу және ауыстыру бойынша тегін орталық жұмыс істейді, онда арбамен жүретін 600 адамға қызмет көрсетіледі. 

Қазіргі заманғы шығармашылық тәжірибелердің коммуникациялық мүмкіндіктері арқылы мүгедек адамдарды әлеуметтендіруді және бейімдеуді қамтамасыз ету, тең қолжетімділік және инклюзия негізінде олардың қабілеттерін дамыту үшін 2024 жылы күніне 60 адамды қамти отырып, «Әлеуметтік интеграция орталығы» әлеуметтік жобасын іске асыру жоспарлануда. Жоба бірнеше бағытты қамтиды: арт-терапия, театр терапиясы, би терапиясы, кітапханатерапиясы, музыкалық терапия, суреттің заманауи технологиялары  және операторлық өнерді  меңгеру терапиясы.

Алматыда мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және кедергісіз орта құру бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде.

Спикер сондай-ақ мүгедек адамдарға, мүгедек балаларға, зейнеткерлерге, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсету және уақытша болу жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін көрсететін ведомстволық бағынысты 10 медициналық-әлеуметтік мекеменің қызметі туралы атап өтті.