Алматыда мұқтаж азаматтарға қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?

Алматыда мұқтаж азаматтарға қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?
Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өткен жылы әлеуметтік қолдаумен 192 мыңнан астам адам қамтылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Оның айтуынша, аз қамтылған халықты қолдау бағыттарының бірі әлеуметтік көмектің 17 түрін көрсету болып табылады. Әлеуметтік көмектің негізгі алушылары ардагерлер мен оларға теңестірілген адамдар, жалғызбасты зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар, әлеуметтік маңызы бар аурулардың кейбір түрлері (туберкулез, АИТВ-инфекциясы) бар адамдар болып табылады.

Сондай-ақ, жыл сайын әлеуметтік көмектің мөлшері қайта қаралатынын, сондай-ақ көмектің жаңа түрлері енгізілетінін атап өтті.

«Қосымша әлеуметтік қолдау мақсатында Алматы қаласы мәслихатының қолданыстағы шешіміне өзгерістер енгізілді, онда 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына  қатысушыларға ҚР Тәуелсіздік күніне орай біржолғы әлеуметтік көмек мөлшері 150 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл көмекті желтоқсан оқиғасына 676 қатысушы алды», - деді Бауыржан Жаубасов.

Мәселен, басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан ардагерлері үшін Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстаннан шығару күніне 100 мың теңгеден жаңа төлем енгізілді. Осылайша, басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдардың ардагерлері 200 мың теңге алады: 9 мамыр мен 15 ақпан қарсаңында 100 мың теңгеден.

Бұдан басқа, 2024 жылдан бастап белгіленген квотаға сәйкес желтоқсан оқиғасының ақталған  қатысушылар (120 квота бойынша) және зейнеткерлік жасқа толмаған басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдардың мұқтаж ардагерлеріне (180 квота бойынша) жыл сайынғы санаторий-курорттық ем ұсыну көзделген.

Сондай-ақ, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының ақталған қатысушылары қалалық қоғамдық көлікте тегін жүруге құқылы.

2024 жылы 2,9 мың ауған ардагері мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 700 қатысушысын (444 млн теңге) қосымша әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Алматыда электр энергиясына тарифтің өсуіне байланысты халықтың әлеуметтік осал топтары үшін өтемақы ұлғайтылды.

 «Инвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасы шеңберінде 2023 жылғы шілдеден бастап азаматтардың жекелеген 8 санатына - олар Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдардың ардагерлері, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көп балалы отбасылар, жасы бойынша зейнеткерлер және халықтың басқа да санаттары бойынша 0,5 АЕК (1725 теңге) мөлшерінде әлеуметтік көмек енгізілді.  Төлемдермен 133 мың адам қамтылды. 2023 жылғы қарашадан бастап аталған әлеуметтік көмектің мөлшері 0,6 АЕК – ке (2 215 теңге) дейін ұлғайтылды және төлем мерзімі 2024 жылғы 30 маусымға дейін ұзартылды», - деп нақтылады спикер.

Сонымен қатар, жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) 4 186 отбасы немесе 21 108 адам (2,2 млрд теңге) алды.
Кедейлік шегі тоқсан сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшерінде айқындалады (2024 жылғы 1 тоқсан: ең төменгі күнкөріс шегі – 52 136 теңге, кедейлік шегі – 36 495 теңге).

 «2023 жылы әлеуметтік көмек түрлерін 6,7 млрд теңгеге 192,7 мың адам алды. 2024 жылы 23,6 мың аз қамтылған азаматқа (2,5 млрд теңгеге) әлеуметтік көмек көрсету жоспарланған», – деді Бауыржан Жаубасов.