Алматыда мерекеге орай вакцина алғандарға «Қазақстан» шоколады таратылды

Алматыда мерекеге орай вакцина алғандарға «Қазақстан» шоколады таратылды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Вакцина алуға келген Алматы халқына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында түрлі мәдени шаралар өткізіліп жатыр.

Бүгін Алматыда ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай санитарлық талаптардың сақталуын ескере отырып, бірқатар мәдени іс-шаралар өткізілді. Олар қаланың вакцина жасау пункттеріне мерекелік көңіл-күй сыйлауда. Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкерлері екпе алған қала тұрғындарына Қазақстан туы бейнеленген шоколадтарды тарату жайлы шешім қабылдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Акция азаматтық пен патриотизмге, өз Отанына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, елдің мемлекеттік рәміздерін құрметтеуді қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәні мен маңызын түсіну мақсатында өткізілді. 

«Мемлекеттік рәміздер - рухани күш-қуаттың қайнар көзі, әрбір қазақстандық Ту, Елтаңба мен Әнұранды қастерлеуі тиіс. Біздің қаламызда тудың символикасы бар брендтік шоколад өндіріледі. Ол туралы дүние жүзі біледі, сондықтан біз вакцинаға қатысушыларға шоколад сыйлап, мерекемен құттықтауды жөн көрдік», - деді Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова.

 Екпе алғандарға Globus СОСО, «Мега» СОCО, «МБО» СҮ, Төле би бойынша ХҚКО егу пункттерінде 500-ден астам шоколад таратылды.

 Сыйлық алғандардың арасында алматылық Абдул Ибрагимов та бар, ол бүгін отандық вакцина алды.

 «Біз мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, жастарды патриотизмге тәрбиелеуіміз керек. Бұл мерекені насихаттау және оның тарихын айтып отыру қажет. Мен вакцина алуға келіп едім, құттықтауларды көріп қуандым. Менің ойымша, вакцина алу және ұжымдық иммунитетті қалыптастыру патриотизмді, өз елі мен халқына деген сүйіспеншілікті білдіреді. Біз бірге індетті жеңуіміз керек!» - деді Абдул Ибрагимов.

 Алматыда өткізілетін іс-шаралар арасында саябақтар мен скверлер, жаяу жүргіншілер көшелері, метро станциялары мен вагондары, СОСО, «Медеу» биік таулы кешені және «Шымбұлақ» курорты аумағында, сондай-ақ «Көк-Төбе» саябағында Мемлекеттік Әнұран бір мезгілде (сағат 13.00-де) шырқалады. Мегаполис тұрғындары мен қонақтарын осы акцияға қосылуға және Әнұран шырқалған кезде барлық тәртіп ережелерін сақтай отырып, Әнұран орындауға шақырады. Сонымен қатар, Алматыда байкерлер шеруі, сондай-ақ Республика сарайы ғимаратының алдында оркестрдің қатысуымен Мемлекеттік Әнұран орындалады (сағат 19.00). 

Алматыда ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай Алматы қалалық жастар ресурстық орталығының электросамокаттарында «Менің туым» атты флешмоб өтті. Алматыдағы «Киров»  әскери-патриоттық клубының мүшелері Қазақстанның Мемлекеттік Туын биіктігі 3 680 метр Үлкен Алматы шыңында көтеріп, домбырамен Құрманғазының шығармаларын орындады.