Қазақстан әскерінде Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шаралар өтуде

Қазақстан әскерінде Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шаралар өтуде
Сурет:Gov.kz

Қазақстан әскерінде Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шаралар өтуде

 Елімізде 4 маусым - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні аталуда. Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінде жеке құрамның салтанатты шерулері, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылып, мемлекеттік рәміздердің шығу тарихы мен мән-мағынасы жөнінде сабақтар өткізілді, деп хабарлады Almaty-akshamy. kz.

Елордада Орталық әскери оркестрдің музыканттары Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ғимаратының алдында Мемлекеттік Әнұранды шырқады. Бұл шараға «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері де қатысты.  Елорда тұрғындары мен қонақтары әскери музыканттар орындаған туындыларды ерекше ілтипатпен, жылы қарсы алды.

Таразда гарнизон әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері «Жастар» аллеясынан бастап, Тұңғыш Президент саябағына дейін мемлекеттік рәміздерді: Ту мен Елтаңбаны алып жүрді.  Шеруге «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі де қатысты. Музыканттар Мемлекеттік Әнұранды орындап, әскери маршпен жүріп өтті.

Қарағанды гарнизонында онлайн-режимде архитектор әрі Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековтың қатысуымен «Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбынды, Туымен тұғырлы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Сондай-ақ, Гвардейск гарнизонында волейболдан жарыс өтті.

Атырау гарнизонының әскери бөлімдерінде әскери қызметшілердің балалары арасында «Біздің мемлекеттік рәміздер» атты шығармалар байқауы өткізілді.

Мемлекеттік рәміздер күні – Қазақстан халқын біріктіретін ерекше мереке.  Егемен еліміздің ресми рәміздері – Ту, Елтаңба мен Әнұран осыдан 29 жыл бұрын бекітілген. Мемлекеттік рәміздерде халқымыздың бірлік пен келісімге деген ұмтылысы, елдегі қоғамдық құндылықтар және Отанымызға деген мақтаныш көрініс тапқан.