Алматыда МӘМС есебінен қымбат оталар жасалып жатыр

Алматыда МӘМС есебінен қымбат оталар жасалып жатыр
Сурет phonoteka.org алынды

2023 жылдың бірінші тоқсанында оңтүстік астаналықтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен 52,8 млрд теңгеге медициналық көмек көрсетілді. Бұл туралы бүгінгі брифингте МСҚ Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Жанар Кенжебаева хабарлады.

Айтуынша, жыл сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, хирургия сынды тағы да басқа профильдер бойынша жүздеген операция жасалып жатыр. Осындай бір ғана күрделі отаның құны орта есеппен бірнеше миллион теңгеге жетіп жығылады.   

«Мысалы, бірінші тоқсанда Алматы қаласында 404 кардиохирургиялық операция жасалып, оған 2,1 млрд теңге төленген. Сонымен қатар, 1 млрд теңгеге 193 нейрохирургиялық ота жасалған. Тағы 118,1 млн теңгені МСҚ лор-профилі бойынша жасалған 16 операцияға жұмсады», - деді Жанар Кенжебаева. 

Бүгінде артроз, артрит сынды буын ауруларының көбеюіне байланысты тізе, жамбас буындарын алмастырушылар саны күрт артып отыр. 2023 жылы алматылық травматологтар осындай 1100-ден астам операция жасады. Оған Қор тарапынан 1,6 млрд теңге төленді, дейді филиал өкілі.

Сондай-ақ, жалпы құны 256,1 млн теңгеден асатын 35 ағза алмастыру операциясы жасалған. Соның ішінде 27 бүйрек-бауыр алмастыру операциясы да бар. 

«Бір қарағанда, мұның бәрі жай ғана цифр болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, сақтандырылған азаматтардың қалтасынан шығатын шығын едәуір қысқарып, олар осынша қызметті тегін пайдаланып отыр», - деп қорытты Жанар Кенжебаева.