Алматыда көпқабатты үйдің қасбеті түсіп қалды

Алматыда көпқабатты үйдің қасбеті  түсіп қалды

Алматыда дауыл салдарынан «Нұркент» шағынауданында орналасқан көпқабатты үйдің қасбетінің сыртқы қаптамасы түсіп қалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Бүгін кешкі сағат 17:30 шамасында қатты желдің салдарынан Алатау ауданы «Нұркент» шағынауданындағы №74 үй қасбетінің бір бөлігі құлады. Бұл үйді «Артемида ЛТД» ЖШС 2017 жылы пайдалануға берген. Қазіргі уақытта Алатау ауданы коммуналдық қызметтерінің күшімен аумақты жинау жұмысы жүріп жатыр. Сонымен қатар басқарушы компания және құрылыс салушы («Артемида ЛТД» ЖШС) тарапынан қалпына келтіру жұмыстарын іске асыру қарастырылып жатыр»,- деп хабарлады Алатау ауданы әкімдігінен.

Әкімдіктің айтуынша, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін (қасбетін) күтіп-ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету, соның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеуді өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуге міндетті.