Алматыда көлік ұрысы қолға түсті

Алматыда көлік ұрысы қолға түсті
Сурет: Polisia.kz

Ұрының қаңтар оқиғасы кезінде де тонауға қатысқаны анықталды

Белгілі болғандай, қаланың Наурызбай ауданында екі мүліктік қылмыс орын алған. Қаскөй түнде жеке үйдің шарбақтарынан секіріп жүрген. Көше камераларының біріне бөгде аумаққа кіру сәті түсіп қалған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Әдетте, жеке секторда, өз үйінің ауласында көлік иелері есікті кілтке құлыптамайды. Қаскөй осыны пайдаланды. Көліктің салонын мұқият “тексерген” ол кез келген құнды дүниенің бәрін алып кеткен. Қожайындары ұйықтап жатқанда үйге кіріп, бағалы заттарды да алып кеткен. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында жедел уәкілдер күдіктіні ұстады. Ол Түркістан облысының тумасы, 30 жастағы О.есімді азамат болып шықты. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігіне (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Тергеушілер істің мән-жайын анықтап, ұсталған азаматтың қалада жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруі керек. Әзірге күдікті ПД-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Наурызбай аудандық ПБ бастығы Дидар Аханов.

Сонымен қатар, тергеудің осы кезеңінде ұсталған азаматтың қаңтар оқиғасы кезінде жасалған тонауға қатысы бар екендігі дәлелденді.

«Сол кезде ол супермаркеттен азық-түлік салынған бірнеше арбаны алып шыққан. Бұл қылмыстың жасалған сәті де бейнебақылау камераларына жазылып қалған. Тікелей айғақтармен әшкереленген күдікті өз кінәсін мойындап, істеген ісіне толықтай өкінетінін мәлімдеді», – деді Аханов.