Алматыда кәмпитке қақалған қызды полиция қызметкері құтқарды

Алматыда кәмпитке қақалған қызды полиция қызметкері құтқарды
Сурет: Inalmaty.kz

Алматының учаскелік инспекторы кәмпитке қақалып қалған кішкентай қыздың өмірін қалай құтқарғанын айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Алмалы аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Бақдәулет Мамырдың айтуынша, өткен мереке күндері қайғылы оқиға бола жаздаған. Ол күні бойы қаланың қоғамдық орындарында тәртіпті қамтамасыз етіп, кешкісін үйіне қайтып бара жатқан.

«Рысқұлов пен Момышұлы көшелерінің қиылысында әйел адамның айғайлаған дауысын естідім. Тоқтадым, жүгіріп бардым, әйелдің баласын құтқармақ болып жатқанын көрдім. Ол кішкентай қыздың кәмпитке қақалып қалғанын айтты. Мен өте жылдам әрекет еттім, автоматты түрде: баланың басын төмен қаратып көтердім, арқасынан бірнеше рет ұрдым, кәмпит аузынан ұшып кетті. Барлығы өте тез болды. Мен қыздың атын да сұрамадым, өзімді де таныстырмаппын. Баланың аман қалғанына бәріміз қуандық. Бұл - менің полиция қызметкері ретіндегі борышым», – деді Мамыр.

Учаскелік инспектор бұл жағдайдың соңы қайғылы болуы да мүмкін екенін айтады. Полицей сәбидің өмірін аман алып қалғанына шүкіршілік ететінін жасырмады.