Жетісу шаруалары көктемгі егіс жұмыстарына дайындалып жатыр

Жетісу шаруалары көктемгі егіс жұмыстарына дайындалып жатыр
Сурет: Agroinfo.kz

Егіс алқаптары 1,4  мың гектарға ұлғаяды.

Алматы облысындағы мамандар көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жүргізіп жатыр. Үстіміздегі жылы Алматы облысындағы шаруалардың егіс алқаптары 973,6 мың гектар болмақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4  мың гектарға ұлғаяды деген сөз, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz.

Мамандардың айтуынша, минералды тыңайтқыштарға биыл жергілікті бюджеттен 2 млрд теңгеден астам субсидия бөлінген, 43,7 мың тонна тыңайтқышты қолдану жоспарлануда

«Дегенмен тыңайтқыш бағасының екі есеге өсіп кеткені  шаруашылықтарға қиындық туғызуда. Жауын-шашынның, қардың аздығы биыл да дихандарға ауыртпашылық салмақ.  «Қазгидрометтің»  болжамында облыста ылғал жинақтау кезеңінде жауын-шашын орта есеппен 16-38%-ға азайған, ал облыс тауларында қар қоры орташа алғанда 24-47%-ға аз.Облыстағы суару желілері мен гидротехникалық құрылыстардың тозуынан каналдардағы су шығыны да артып келеді. Бұл мәселені шешу үшін облыстың 16 ауданындағы 113,8 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру үшін суару желілерін реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде», - делінген  Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Осы мақсатта жобалық сметалық құжаттама әзірлеуге жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлінді.

Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары Ақсу, Ескелді, Қарасай аудандарында және Талдықорған қаласында, қосымша Ислам даму банкінің қаражатымен 2 ауданда жүргізілуде.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев су қорын үнемді тиімді пайдалану үшін аграрлық шаруашылықтар ылғал сақтау технологиясына көшуі тиіс екенін айтты. Жалпы облыста 20,7 мың гектардан астам жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылған, яғни өңірде ресурстық технологияны қолдану деңгейі 4,7% ғана.

«Көктемгі дала жұмыстарына дайындық  - барлық аудан, қала әкімдерінің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Бүгінгі айтылған суару жүйелерін қайта жаңғырту, су қоймаларын салу, су тарифін, минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағар май бағасын реттеу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту сияқты мәселелерді бір-ақ күнде шешу мүмкін емес. Бірақ нақты жоспар жасап, кезең-кезеңімен қаржыландыра отырып шешуге болады. Осы орайда егіс алқаптарында суды үнемдеу және ылғал сақтау технологияларын енгізу жұмыстарына ерекше мән беру керек. Кепілдендірілген дизель отынын жеткізудің бекітілген кестесіне сәйкес жанар-жағармайды уақытылы жеткізуді және машина-трактор паркін жаңарту мәселелерін бақылауға алуды тапсырамын. Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін несие беру жандандырылып, қаражаттың игерілуі қамтамасыз етілсін. Суармалы суды уақтылы беру үшін суару арналары мен су шаруашылығы құрылыстарын дайындау шаралары қабылдансын. Бұл жұмыстар жоғары өнім алуға ықпал етеді деп санаймын», - деді Қанат Бозымбаев селекторлық кеңесте.