Жол жабынын ашуға қойылатын талаптар белгіленді

Жол жабынын ашуға қойылатын талаптар белгіленді
Сурет:Алматы әкімдігі

Қағида Алматы қаласын сумен қамту, су бұру, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау және электрмен жабдықтау жүйелерін пайдалану тәртібін айқындайды.

Алматы мәслихаты инженерлік коммуникацияларды ұстау қағидаларының қайта өңделген жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

VIII шақырылған Алматы қаласы мәслихатының XV сессиясы барысында жаңартылған «Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау қағидаларын» бекіту мәселесі қаралды.

Қаланың Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Талғат Малыбаев қағидалар құқықтық актілер туралы заңға және Әділет департаментінің нұсқамаларына сәйкес қайта өңделгенін және оларда апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын шұғыл жүргізу кезінде жол жабындарын ашу, көшелерді, алаңдарды және басқа да абаттандырылған жалпы пайдаланымдағы аумақтарды қазу жөніндегі жұмыстарды жүргізу тәртібін сипаттайтын жаңа тарау пайда болғанын атап өтті.

«Қағидалар жобасында тұтынушы мен қызмет көрсетуші арасындағы жауапкершілік шекараларын сипаттау; теңгерімдік тиесілігін бөлу шекараларын айқындау; тұтынушы мен қызмет көрсетушінің құқықтары мен міндеттері бөлігіндегі нормалар қамтылады», - деді ол.

Атап айтқанда, жерасты инженерлік коммуникацияларын төсеу үшін жол жабындарын ашу, көшелерді, алаңдарды және жалпы пайдаланымдағы аумақ белгілі бір шарттарды сақтай отырып қазылады. Шұңқырлар мен траншеялардың учаскелері көшелерде, аулаларда, сондай-ақ қоғамдық және жол жүру орындарында қоршалуға тиіс. Қоршауларда түнде жарық шағылыстырғыш мен дабылы бар ескерту жазулары мен белгілерін орнату қажет. Ережеге сәйкес, адамдардың жаппай өтетін жерлеріне іргелес уақытша құрылыс қоршаулары үздіксіз қорғаныш қалқанмен жабдықталады, ал жұмыс жүргізу аймағына түсетін ағаштардың діңі зақымданудан қорғалуға тиіс. Бұдан басқа, кейінгі учаскелердегі жұмыстарды қалпына келтіру жұмыстары мен аумақты жинауды қосқанда, алдыңғы учаскедегі барлық жұмыс аяқталғаннан кейін ғана бастауға рұқсат етіледі. Көшелер бойынша инженерлік желілерді салу кезінде асфальтбетон жабыны қолданыстағы жолдың бойына – жиектен жиекке дейін қалпына келтіріледі.