Алматыда «Ыбырай-даланың таза бұлағы» кітабының тұсаукесері өтті

Алматыда «Ыбырай-даланың таза бұлағы» кітабының тұсаукесері өтті
Сурет: 24kz

Кітапта архив пен музейден алынған құжаттардан деректер келтірілген

Еңбек ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсаринге арналған. Рухани-ағартушылық туынды «Алматыкітап» баспасының «Менің Қазақстаным» сериясы бойынша шығарылды. Баспа келесі жұмысын Шоқан Уәлихановқа арнағалы отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

«Ыбырай-даланың таза бұлағы» кітабын «Алматыкітап» баспасы мен Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің қызметкерлері Марғұлан Оспанов пен Салтанат Өтелбаева бірігіп жазды.  Жинақтың тиражы 9 мың дана. Оның 5 мыңы қазақ тілінде, қалғаны орыс тілінде басылды. Бұл кітаптің ішінде бұрын-соңды жарияланбаған деректер де бар. 

«Айталық Алтынсариннің атасы Балқожа би туралы ешжерде, зерттеу әлі де кемшін тартып жатқан еді. Сол Балқожа бидің өмір дерегін және де суретін іздестіріп зерттеп осы кітапқа алғаш рет мінеки сол Балқожа бидің суретін жариялап отырмыз», - дейді кітап авторы Марғұлан Оспанов.

Баспагерлер бұл кітап әрбір мұғалімнің қолында болуы тиіс, деп санайды. Онда Алтынсариннің тұтас өмірі мен педагогикалық еңбегі кеңінен  баяндалады. Оған қоса архив пен музейден алынған құжаттардан деректер келтірілді. 

«Кітапты сол саланы зерттеп жүрген мамандар баспаға дайындау керек деп санаймын. Біз бұған дейін Абай туралы еңбекті оның Семейдегі мемориалдық музейімен бірігіп шығағарған едік. Міне енді Алтынсаринге қатысты кітапты ұсынып отырмыз. Келесі жұмысымызды Шоқан Уәлихановқа арнап жатырмыз»,- дейді «Алматыкітап» баспасының президенті Гауһар Саймасаева.