Алматыда «Қазақ тілінің синонимдер сөздігінің» бесінші басылымының тұсаукесері өтті

Алматыда «Қазақ тілінің синонимдер сөздігінің» бесінші басылымының тұсаукесері өтті
Сурет: Ашық дереккөз

Семинарда қазақ сөзінің қуаты мен құдіреті, көркемділігі, қазіргі жай-күйі мәселелері талқыланды

2022 жылғы 29 қарашада ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Тіл жанашыры» төсбелгісінің иегері, еңбек ардагері Сейдін Бизақовтың 85 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ сөзінің құнары» атты тілтанымдық мектеп семинары және «Қазақ тілінің синонимдер сөздігінің» бесінші басылымының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
  
Іс-шараны А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан жүргізді.

Семинар барысында А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзаберген Малбақұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбай, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Фаузия Оразбаева, Абай атындағы ҚазҰПУ қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Саян Жиренов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Әмірбекова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Жеткерген және т.б. арнайы шақырылған қонақтар сөз сөйлеп, ойларымен бөлісті.

Шара аясында қазақ тіл білімінің лексикология, лексикография, сөз мәдениеті,  түркітану саласында өнімді еңбек етіп, елеулі үлес қосып келе жатқан белгілі тілші-ғалым, әдіскер-ғалым Сейдін Бизақовтың ғылыми еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, семинарда қазақ сөзінің қуаты мен құдіреті, көркемділігі, қазіргі жай-күйі мәселелері талқыланды. С. Бизақовтың қазақ сөзін көркейтуге қосқан үлесі мен жаңалықтары насихатталды.

Шараға филолог-ғалымдар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Сүлеймен Демирел университетінің, Абылай хан атындағы ҚазХҚӘТУ, Қыздар ҰПУ профессорлары, жазушылар, редакторлар, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.