Kitap Fest Almaty кітап фестивалінде 5 мың кітап тегін таратылды

Kitap Fest Almaty кітап фестивалінде 5 мың кітап тегін таратылды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

 Кітап патшалығындағы мереке: Алматыда қала күніне орай ауқымды кітап фестивалі өтті.

 9 қыркүйекте Алматыда BAURZHAN foundation қоры ұйымдастырған Kitap Fest Almaty кітап фестивалі өтті. Қазақстанның халықаралық деңгейдегі алғашқы кітап фестивалі болып табылатын мәдени-бұқаралық іс-шара Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының және Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қолдауымен 2014 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

 BAURZHAN қорының құрылтайшысы,  кітап фестивалінің негізін қалаушы Жұлдыз Омарбектің айтуынша, Kitap Fest-шығармашыл және дарынды адамдарға арналған  бірегей алаң. Биыл қала күніне тұспа-тұс келген Kitap Fest Almaty фестивалінің тақырыбы: «Ұлттық әдебиет. Ұлттық тіл. Ұлттық дәстүрлер».

 «9 жыл ішінде Kitap Fest алматылықтар үшін ең сүйікті шараға айналды.  Елорда күніне орай біз шілде айында кітап фестивалін  Астана қаласында екінші рет өткіздік. Оқу мәдениетін ілгерілетуге арналған біздің фестиваль, жазушылар мен олардың оқырмандары үшін бірыңғай алаң құрып, балалар мен жастар арасында кітапқа деген қызығушылықты арттыру болып табылады. Кітап фестивалі-қазақстандық жазушылармен кездесулерден бастап балаларға арналған танымдық шеберлік сабақтарына дейінгі интерактивті орта. Біз халықты оқуға тарту, кітаптың, мәдениет пен білімнің маңызын арттыру, қазақстандық жазушылар мен олардың әдеби шығармаларын насихаттауға жәрдемдесу үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деп атап өтті Kitap Fest кітап фестивалінің бас үйлестірушісі Майра Әлжанова.

 Алматы кітап фестивалі кітап сүйер қауым үшін ауқымды бағдарлама дайындады: отандық жазушылар жаңа кітаптарын таныстырды. «Оффлайн кітаптар туралы» шатырында танымал жазушылар, қоғам қайраткерлері мен блогерлер пікір алмасты. Алматылықтарға иллюстрацияланған кітап көрмесі, шеберлік сыныптары, түрлі байқаулар мен акциялар, Қазақстанның ірі баспалары мен кітап дүкендерінің жәрмеңкесі ұсынылды. Баспагерлер және кітап дүкендері өз өнімдерін көрмеде 30% - ға дейінгі жеңілдікпен сатты. Биылғы жылы кітап фестивалінде 50-ден астам кітап дүкендері мен баспалар өз өнімдерін ұсынды. 28 жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

 Фестивальде  40-қа жуық пікір көшбасшылары сөз сөйледі: Досым Сәтбаев, Ділдәр Мамырбаева, Елдос Тоқтарбай, Бейбіт Сарыбай, Смағұл Елубай, Абылай Юсупов, Мұхамеджан Тазабек және басқа да көптеген танымал тұлғалар қазіргі әдебиеттегі үрдіс жайлы сөз қозғады.  Сондай-ақ, жазушылар «Менің алғашқы ертегілерім», «Как оседлать единорога?», «Tarmaqtar» және басқа да жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті.

Белгілі қазақстандық қоғам қайраткері, саясаттанушы, публицист, баспагер Досым Сәтбаев Павел Коктышев және Әлім Хамитовпен бірге «Как оседлать единорога?» кітабының тұсауын кесті. Оның пікірінше, онжылдықта Kitap Fest шығармашыл тұлғалар мен кітапсүйер үшін беделді және қуатты алаңға айналды.

 «Жаңа Қазақстанға оқитын және білімді жастар қажет. Сондықтан мұндай іс-шараларды өткізу өте маңызды.  Кітап оқитын адам сана көкжиегін кеңейтеді, логикасын, ойлауын дамытады, есте сақтау қабілетін жақсартады. Осы ретте, Kitap Fest көптеген адамдарды біріктіріп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып жүр. Сіздерге қажырлықпен қатар, кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру   жолында зор табыстар тілеймін»- деді жазушы.

Сонымен қатар, фестиваль қонақтары әкелінген кітаптармен алмасуға, ұнаған кітаптарды жеңілдікпен сатып алуға немесе оларды толығымен тегін алуға мүмкіндік алды. Биылғы жылы кітап фестивалінде әр түрлі жанрдағы 5000  кітап келушілерге  тегін таратылды.

 Балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасында  аниматорлар, аквагрим мен түрлі қызықты байқаулар мен викториналар келген қонақтарға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Дәстүр бойынша фестивальде «Ауылға кітап» акциясы өткізілді, онда кез-келген оқырман өз кітабын әкеліп, Қазақстанның ауылдық кітапханаларына тапсыруға ат салысты. Биылғы фестивальде 3 мыңға тарта кітап жиналды.

Айту керек, Кitap Fest кітап фестивалі-2014 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан ең ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шара. 9 жыл ішінде ол шығармашылық кездесулердің негізгі алаңына айналды, онда авторлар мен баспалардың қатысуымен 200-ден астам кітаптардың тұсаукесері өтіп, жәрмеңкелерге 300-ге жуық кітап дүкені қатысты. Жыл сайын кітап фестивалінің арқасында 5000 мың кітап тегін таратылады.  ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының статистикасы келтірсек: 2022 жылы Қазақстанда кітаптар мен брошюралардың 4044 атауы тіркелген. Ең көп кітаптар мен брошюралар Алматы, Алматы облыстарында шығарылды. 1749 кітап пен брошюра тіркелген. Еліміздегі кітаптардың басым бөлігі педагогика саласында (әдістемелік құралдар, кітаптар) жарық көрді. Кітаптар саны 1085. Көркем әдебиет жанры бойынша: қазақ әдебиеті-664, поэзия -166, драма -3, проза - 286.